Ертегілер ✍️
Аю апанында
Көшкін
Алатаудың аясы
Салқын өмір саясы.
Аңшылар да өрмелеп,
Тірелді бір өрге кеп.
Сол шамада бір киік,
Екі ұрты бұртиып,
Өте берді елеңдеп,
Ойлады ма өлем деп?
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жері осы деп,
Басып қалды Бектемір,
Гүрс етті де көк темір,
Киік лезде омалап,
Кетті төмен домалап.
Басталды бір сұрапыл,
Дейтін күш жоқ тұра тұр.
Аждаһадай ысқырып,
Бәрін түгел тықсырып,
Үйдей-үйдей дәу тастар –
Тіршілікке жау тастар
Дүниені шайқады,
Жолын тегіс жайпады.
Еркін жүрген аңғарда
Босып кетті аңдар да.
Ұшып жүрген құздарда
Шошып кетті құстар да.
Басып қардың көшкіні,
Өзендердің өшті үні.
Күңіренген жаңғырық
Дүниені дақ қылып,
Ақ борасын түтеді,
Қандай апат күтеді?..
Бір жерде қап белдігі,
Бір жерде қап етігі,
Бір жерде қап азығы,
Шықпай қалды мәз үні.
Қаңбақтай боп жеп-жеңіл,
Бара жатты Бектемір.
Үңгірде
Бектемір сәл аңырып,
Ақыл, естен жаңылып,
Отырды да өзінің
Құлақ, мұрын, көзінің
Сау екенін байқады,
Басын ептеп шайқады.
Бәрі өзінің орнында,
Қалай келген ол мұнда?
Жатқан жері бір үңгір,
Басы қатқан бұлыңғыр.
Үңгір іші тым-тырыс,
Әлден кейін бір дыбыс
Шалынды кеп құлаққа,
Емес онша жырақта.
Ұйықтап жатқан адам ба?
Әлде жыртқыш қабан ба?
Әйтеуір зор дем алыс,
Не арыстан, не барыс.
«Тұрса жүндей түтеді,
Тағдыр нені күтеді?»
Деп Бектемір түршікті,
Көзден жасын ыршытты.
Ауылдағы балдырған,
Сүйсе мейір қандырған
Түсті есіне баласы,
Қамқоршы ана-панасы.
Аңсап күткен ұдайы
Түсті есіне жұбайы...
Дыбыс жаққа маңайлап,
Қарап еді абайлап,
Құлақ шалған сол дыбыс,
Әйтеуір бір зор дыбыс.
Жатыр ұйықтап гүрілдеп,
Оянатын түрі жоқ.
Қайтіп олай аттайды,
Жақындауға батпайды.
Тайсалады аң неден?
Тәтті емес пе жан деген?
Дауаламай жүрегі,
Текке отырып жүдеді.
Неше тәулік, неше түн,
Өтті екен неше күн?
Күндіз бе екен, түн бе екен?
Ғажап болды-ау бұл мекен!
Жалғыз есте қалғаны –
Олар аңға барғалы
Дайындалып жатқанда,
Жапалақтап ақ таңда
Сәлде оранып шың-құздар,
Жауған еді тұңғыш қар.
Яғни бұл күз еді,
Қыстың алғаш ізі еді.
Содан бері түнекте
Қасірет төніп жүрекке,
Шаршағандық иықтап,
Әлденеше ұйықтап,
Әлденеше ол оянды.
Бірақ, жатқан күйі әлгі
Аңның тұрар түрі жоқ,
Не ұқтырған сыры жоқ.
Аштық қысты қалжырап,
Қашты бойдан әл-қуат.
Шыдамады Бектемір,
Осы халге жетті өмір.
«Не де болса көрейін,
Ажал жетсе, өлейін»
Ойлады да сол сөзді,
Түкпірлерте қол созды.
Еш нәрсе де таппады...
Алға тағы аттады.
Қалды бір кез сүрініп,
Жанын біреу суырып,
Кеудесінен алғандай,
Қайта тұрды қалбаңдай.
Аяқ асты былқылдап,
Біраз тұрды тың тыңдап.
Ұйықтап жатыр аң әлі,
Бектемір таң қалады.
Сезер емес тепсе де,
Үстін басып кетсе де.
Айран қылмай ақылын,
Еңкейді де ақырын,
Сезді аңды» сипалап,
Жүні қалың, ұйпалақ.
Аңға әуелден кәнігі,
Аюды тез таныды.
Көңілі бір жай тауып,
Аңсары асқа қайта ауып,
Алды сонда тамсанып,
Шыдай берсін қаншалық?
«Аю алты ай жатады,
Зор ұйқыға батады.
Қыс қаһары өткенде,
Оянады көктемде»,–
Деген сөзді Бектемір
Сақтап еді еске бір.
Аю балалары
Табан асты тағы да
Бектемірдің бағына
Екі серік табылды –
Бала аюлар кәдімгі.
Анасының баурында,
Емшектері аузында,
Жатыр екен бұйығып,
Жүректері жиі ұрып.
Бір тынбайды, емеді,
Ет бауырға енеді.
Талмауратып өзегін,
Күтті ол өлім кезегін.
Тұрсын ба енді шошынып,
Күшіктерге қосылып,
Аю екен демеді,
Ол да емшектен емеді.
* * *
Қанша таңның атқанын,
Қанша күннің батқанын
Болар емес аңғарып,
Түске енеді таң жарық.
Басын ұстап шайқады,
Өзін-өзі байқады.
Найзадай боп тырнағы
Ұзарыпты бұл-дағы.
Бір мезгілдер болғанда,
Күшіктері толғанда,
Оянды аю керіліп,
Әрең тұрды ерініп.
Бектемірде зәре жоқ,
Енді өмірден дәме жоқ.
Аю, бірақ, алдымен
Керіле бір алды дем.
Содан кейін абайлап,
Балаларын маңайлап,
Аймалады, қарады,
Кезекпенен жалады.
Бектемірді алқалап,
Тік отырды шалқалап.
Болды ма әлде тиіспек,
Қайта-қайта иіскеп,
Сипап-сипап киімін,
Қозғап қойды иығын.
Бектемір түр сүлік боп,
Тіршіліктен үміт жоқ.
Аю, бірақ, тимеді,
Анасындай үйдегі
Қысып-қысып алады,
Маңдайынан жалады.
Бұдан кейін Бектемір
Сезінді өзін жеп-жеңіл.
Қуат бітіп бойына,
Кірді аюдың қойнына.
Жарық дүние
Бір кездері үңгірде
Теңселе аю жүрді де,
Қабырғаны тырнады,
Содан сірә тынбады.
Бар ма бақыт мұншама?
Болған кезде бір шама,
Кетті үңгір жарық боп,
Көрінді өмір анық боп.
Кенет көзі бұлдырап,
Тұрды біраз тұнжырап.
Қасында екі кіші аю,
Үлкенімен үш аю,
Өзіменен төртеу боп,
Сол бір замат елпеңдеп.
Сергіп лезде дене бір,
Алды-ау демін кере бір.
Ауыр азап арылып,
Сәуле берді бақ, үміт.
Бірте-бірте үйренді,
Тап бұрынғы күйге енді.
Төңірекке қараса,
Өмір неткен тамаша!
Бақыт тауып жас жанға,
Көз жүгіртті аспанға.
Қанаттанып, қалықтап,
Көңіл кетті шалықтап.
Ал, Алатау аялы
Құшағын кең жаяды.
* * *
Әйтсе де осы қуаныш
Созылмады тым алыс.
Ойды бөліп қорқыныш,
Тұра алмады ол тыныш.
Мүмкін, аю адамды
Үңгірінде қараңғы
Танымаған шығар-ау,
Енді қалай шыдар-ау?
Қайдан келді адам деп,
Түтіп-жұлып талар кеп.
Бірақ, аю тағы да
Бектемірдің бағына
Бұрынғыдан күштірек
Бауырына қысты кеп.
Балаларын сөйтті де,
Бастап түгел ертті де,
Үңгірінен шеткерлеп,
Кетті тауды бөктерлеп.
Сипап қойып басынан,
Бектемірдің қасынан
Ұзамастан бір елі,
Бақылады үнемі.
Аю жүріп келеді,
Бектемір де ереді.
Тік жүруге зар болып,
Еңбектейді «аң» болып.
Күн ысыған кезеңде,
Жеткенде бір өзенге,
Тауып олар көгалды,
Жайғасты да, дем алды.
Уақыт өтіп, аздан соң,
Керіліп бой жазған соң,
Балаларын ойнатты,
Суға салып бойлатты.
Орындатып әмірін,
Қаздырды шөп тамырын.
Бірде ағаш сүйретті,
Әр түрлі іске үйретті.
Бірде шөпке аунатты,
Бірде тышқан аулатты.
Бектемірдің көздері
Баға берді өзгені...
Мынау өзі таныс жер,
Бірақ, елден алыс жер.
Туып-өскен ауылы –
Таудың арғы бауыры.
Жаяуға ұзақ жатыр-ақ,
Аттылыға жақын-ақ.
Әттең, аю тағы да
Бектемірдің бағына
Әрменірек жүрсе еді,
Ел ішіне кірсе еді.
Бірақ, аю кешірек,
Алды-дағы есінеп,
Тастап өзен, көгалды,
Үңгіріне оралды.
Қарай-қарай артына,
Әрең жүріп тартына,
Бектемір де ілесті,
Бар үмітін түгесті.
Аю болса көңілді
Келе жатқан көрінді.
Талпыну
Келесі күн тағы да
Кеше барған жағына
Аю бастап келеді,
Қара бурыл денелі.
Балаларын ептетіп,
Өзеннен де кетті өтіп.
Бектемірдің жүрегі
Тап осыны тіледі.
Азап дәмін таттырып,
Жетеледі тәтті үміт.
Тамылжиды төңірек,
Бір жерге кеп кеңірек,
Орналасты бәрі де,
Сәске мезгіл әлі де.
Күнге аю балбырап,
Құлақтары салбырап,
Ұйықтап кетті ілезде.
Балалары бұл кезде
Өздерінше ойнады,
Суды кешіп бойлады.
Бірте-бірте Бектемір
Шығып алып шетке бір,
«Қайдасың,– деп,– ауылым,
Көтерместен бауырын,
Маңдайдан тер сорғалап,
Жүре берді жорғалап.
Шыбын жаны шарқ ұра,
Қайта-қайта артына
Жалтақтайды, қарайды,
Жетсе аю талайды.
Қарап еді бұрылып,
Келеді аю жүгіріп.
Бектемірден ұшты үрей,
Есіркемес бұл дүлей.
Жо, жоқ... Аю келді де,
Сау екенін көрді де,
Қадалып кеп қарады,
Бектемірді жалады.
Бағытынан қайтарып,
Ертіп жүрді қайта алып,
Керек еді бұл кімге?
Шынымен-ақ үңгірге
Бірге ілесіп дүрмекке,
Бектемір де кірмек пе?
Түсіп осы қармаққа,
Мәңгі аю боп қалмақ па?
Соқпады бұл оңайға,
Ойлап оған он айла,
Ұйғарды шын кетуді,
Өзін азат етуді.
Күн төбеге жеткенде,
Шұғыласын төккенде,
Аю тағы қалғыды,
Шуаққа әбден балқыды.
«Қайдасың, – деп, – ауылым,
Көтерместен бауырын,
Қайтсе де өзін жеңбек боп,
Тартып берді еңбектеп.
Тізесінен қан аққан,
Түк қалмады балақтан.
Омырауын тас тіліп,
Ағаш, бұта басқа ұрып,
Қарап қойып артына,
Ұмтылады алдына.
Шыбын жаны шарқ ұра,
Тарта берді талпына.
Аю қалды көрінбей,
Қуа ма ол тағы ерінбей?
Бектемір жан ұшырып,
Терлеп-тепшіп қысылып,
Алақаны тесіліп,
Жын ұрғандай есірік,
Көзі кеткен алақтап,
Кейде ернін жалап қап,
Еңбектеуім жетер деп,
Болды басын көтермек.
Қаз-қаз тұрған баладай,
Барды жерге анадай.
Тәлтіректеп құлады,
Ұзынынан сұлады.
Сарқылып бар шыдамы,
Қайта ұмтылып тұрады.
Табан асты тілініп,
Бір тұрып, бір жығылып,
Аш күзендей бүгіліп,
Кете берді жүгіріп,
Тағы да бір бұрылып,
Қарап еді үңіліп,
Кетті жүрек суынып:
Шыжықтай қып қуырып,
Келіп қапты аю да,
Болмас көзден таюға,
Сасқанынан аңшы да
Қара терге малшына,
Тұла бойдан әл тайып,
Жата кетті жантайып.
Аю келіп ырылдап,
Киімдерін жұлымдап,
Дода-дода етті де,
Жүре берді ертті де.
Жеткенде үңгір шетіне,
Қарап аңшы бетіне,
Аяғандық белгімен
Құшақтап ап белінен,
Сипап қойып басынан,
Жалай берді шашынан.
Әйтсе-дағы аңшының
Түсінгендей бар шынын,
Бақылауды мықтады,
Қасынан бір шықпады.
Ауылда
Құлпырып тау аймағы,
Жаз да жетті жайдары.
Мал жайылып маңайда,
Жеміс пісті тоғайда.
Аю-дағы көңілді,
Аралап бар өңірді,
Алуан-алуан жол шекті,
Балаларына көрсетті.
Бірде жеміс, бірде бал,
Бірде жоқ та, бірде бар.
Жүре берді теріп жеп,
Тапқандарын бөліп жеп.
Осы бір жат өмірге
Көндіккендей тегінде,
«Аю» болып бұртиып,
Жүре берді сыр түйіп.
Бектемірдің бағына
Бірде аю тағы да
Әлгі өзеннен өтеді,
Таныс жерге жетеді.
Бойы жетіп көкке бір,
Шын қуанды Бектемір.
Ар жағында асу тұр,
Жетсе асуға – қашу тұр.
Жатқан жаяу соқпағы,
Сол белге кеп тоқтады.
Белден асса ел еді,
Көрер ме екен ел енді?
Бірақ, аю саспады,
Белден әрі аспады.
Қарайып құз бастары,
Түн жамыла бастады.
Аю тұрып бір ауық,
Кеткен кезде түн ауып,
Асып әрман өткелі,
Белге қарай беттеді.
Балаларын ертпеді,
Тастап кетті шеткері.
Содан аю бөгелді,
Қашу керек тек енді.
«Сәл кідірсем, таң атар,
Алтын нұрын таратар.
Жарық түспей тұрғанда,
Белден ассам құрғанда,
Аржағына жетер ем,
Шын құтылып кетер ем»,
Деген ойға бекінді,
Қатер жоқтау секілді.
Алғаннан соң бой жазып,
Деместен бар ой, жазық,
Жеңіл ұстап денені,
Құстай ұшып жөнеді.
Бірде тиіп аяғы,
Бірде тимей қалады.
Тұра ма әсте жан шыдап,
Маңдайдан тер тамшылап,
Өкпе ауызға тығылып,
Қарамай-ақ бұрылып,
Бір тұрып, бір жығылып,
Келеді ұшып жүгіріп.
Таң жиегі көрініп,
Алтын нұры бөлініп,
Жарық болып жан-жағы,
Орман-тоғай маңдағы
Ағараңдап бастары,
Айқындала бастады.
Сол уақытта Бектемір,
Қол-аяғы жеп-жеңіл,
Өте берді белеңнен,
Демі бітті дегенмен.
Жетейін деп ертерек,
Ұша берді ентелеп.
Бұл кезде таң арайлап,
Нұрға толды бар аймақ.
Әне, әне көрінді,
Аяқ мүлдем жеңілді.
Жел айдаған қаңбақтай,
Ұша берді алға аттай.
Әне, анау еңісте
Шыққан мал ғой өріске.
Әне, анау қарайған,
Күткен ауыл талайдан.
Әне, анау өз үйі,
Кең сарайдай боз үйі.
Басқасынан ерекше,
Көрінеді бөлекше.
Қос шақырым шамасы
Қалғанда ауыл арасы,
Арт жағынан жақыннан
Дауыс шықты ақырған.
Естігенде осы үнді,
Қашқын қатты шошынды.
Енді түссе қолына,
Бектемірдің соры да.
Аю жетсе оңбасын,
Біледі аяу болмасын,
Тас бітеліп құлағы,
Өшкендей от шырағы,
Бір жығылып, бір тұрып,
Басса да алға ұмтылып,
Аяқтары батпандай,
Кері тартып жатқандай.
Құлақтары салпаңдап,
Балақ жүні жалбаңдап,
Құйрықтарын сабалап,
Бір топ иттер абалап,
Қарсы шықты бұларға,
(Қиқу көрсе тұрар ма?)
Әлде содан сескенді,
Әлде ауылды ескерді,
Ыңғайланып таюға,
Тұрып қалды аю да.
Сөйтсе-дағы қайтпады,
Бір нәрселер «айтқалы»,
Отырды кеп шоқиып,
Қожалардай қоқиып...
Кетпен алыл, күрек ап,
Біреулері орақ ап,
Жүгіруге жараған
Лап қойысты бар адам.
Мұны көріп аң-дағы,
Артқа қарай самғады.
Жерге барып анадай,
Ойнап жүрген баладай,
Үлкен-үлкен тастарды
Домалата бастады.
Мұны көріп топ-тағы
Қуа бермей тоқтады.
Аютас
Қашқын естен таныпты,
Қыр астында қалыпты.
Айнала кеп қоршаған
Қаптап тұрған сонша адам
Шуылдайды: Ғажап! – деп,
Адамға ұқсас аз-ақ, – деп.
Иә, адам ғой.
Адам ғой.
Адам емес, тағы аң ғой.
Жоқ, абайлап қарашы,
Дәл адамның баласы.
– Шашы, қасы, көзі де,
Ұқсайды екен өзіңе.
Қуғаны оның тегін бе?
Аю болар тегінде.
Төсінде өскен бар жүні,
Мешін десек бар жөні.
Мүмкін, сөзді түсінер, –
Деді кейбір кісілер.
Таңданысты талайы:
Адам, – деді, – жабайы.
Бәріненде қиыны,
Бар үстінде киімі...
Тоз-тоз болып жыртылған,
Тізе, шынтақ қырқылған.
Табандары тілінген,
Дене тегіс бүлінген.
Жараланып бармағы,
Қатып қалған қандары.
Сақал-мұрты ұзарған,
Қанталап көз қызарған.
Еріндері кезерген,
Бозарып бет безерген.
Жалба-жұлба шашпенен
Көрінбейді бас деген.
Қап-қара боп қолдары,
Қанталаған ол-дағы...
* * *
Келіп өзі өзіне ол,
Ашты бір кез көзін ол.
Көріп қалың жандарды,
Тұрайын деп қамданды.
Бірақ қайта құлады,
Көптен көмек сұрады:
Айналайын туғандар,
Сүйеңдер тез, тұрмаңдар.
Беттеріңді бұрмаңдар,
Ел ішінен қумаңдар.
Көріп тұр ғой көздерің,
Білетұғын өздерің
Бектемір ем кешегі,
Жігіттердің шешені.
Тұрғандарың танымай
Қатты батты жаныма-ай.
Біреу айтты:
Сенбейміз,
Қайтып оны көрмейміз.
Біржолата кеткен ол,
Бүл дүниеден өткен ол...
Қиналды да Бектемір,
Қиылды да көпке бір,
Оқиғаны бастағы
Түгел айта бастады...
Осы кезде «көкелеп»,
Тура тартып төтелеп,
Тұра ұмтылды баласы,
Тұра ұмтылды анасы.
Бір күлісті, жыласты,
Арты тойға ұласты.
Серігі де тірі екен,
Ел ішінде жүр екен.
Сумаң етіп сүліктей,
Сұм өлімге ілікпей,
Көшкіннен ол сытылып,
Кеткен екен құтылып.
Күшті көшкін болды деп,
Бектемірді өлді деп,
Қайғы-мұңды молайтып,
Келген екен сол айтып.
Онымен де көрісті,
Қуанышты бөлісті.
Содан бастап ауылы,
Туған-туыс, бауыры,
Баққаннан соң аю көп,
Бектемірді Аюбек
Деп жүр екен бәрі де,
Үлкен, кіші, кәрі де...
* * *
Сырға толы Алатау,
Жырға толы Алатау.
Қызық-қызық аттары
Әрбір шоқы, шатқалы
Тұнып тұрған ертегі,
Жан-жүйеңді ертеді.
Өтірік пе, шын ба екен,
Маған аян бір мекен.
Жыр шертеді әр тастар,
Ғажайып бір жартас бар.
Ежелден-ақ атақты ол,
«Аютас» деп атапты ел.
Алатаудың бөктері
Жылда келіп көктемі,
Шаттыққа еніп шатқалы,
Гүлге оранып бақтары,
Күйге толып аймағы,
Осы аңызды айтады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter