Эсселер ✍️

  09.04.2022
  297


Тәрбиеші — бала жанының бағбаны

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер,
он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз,
ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле»
Халық даналығы.


Менің мамандығым –мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісі.Бала кезімнен тәрбиеші болуды армандаған едім.Осы арман мақсатпен Гуманитарлық колледжін «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» бөлімін бітірдім.Бұл тәрбиеші мамандығын таңдаудағы себебім, ол өте қызықты мамандық:сені балалар жақсы көреді және сенен әрдайым қандай да бір жаңа нәрселер күтеді ал мен болсам олардың өмірімен бірге өмір сүремін,табыстарына қоса қуанамын. Тәрбиеші — балаға бағыт- бағдар, тәлім-тәрбие беретін отбасынан кейінгі екінші анасы. Топтағы әрбір бала бір ашылмаған сыр,құпия. Әр баланың мінезі әр түрлі. Бір бала жылдам болса, екінші бала баяу, барлық нәрсені байыппен жасағанды жақсы көреді. Ал үшінші бала, өзімен-өзі отырғанды жаны сүйеді. Мен жаһандану теңізіне желкенін жайған мемлекетіміздің ертеңгі алға бастайтын мықты ескегі болатын балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелеп және оқу-білім қайнарымен сусындатып жүргенімді мақтан тұтамын. Бала тәрбиесімен айналысатын әрбір педагогтің алға қойған мақсат-міндеті мен педагогикалық ұстанымы болуы керек.Менің өмірдегі ұстанымым-жүрек қалауымен таңдаған жұмысыма жауапкершілікпен қарау.Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес.Ол-адам бағдарын жасаушы,келешек ұрпақтың сәулетшісі.
Қазағымның болашағы, келешек келбеті мен тәрбиелеген бүлдіршіндердің тәрбиесінде, қосар үлесімде. Рухани адамдығымның өнегесі шексіз, тұлғаң асқақ, өн бойын тазалыққа тұнып тұрса, өмірден алар орның ерекше деп түсінемін.
Бүлдіршінді күлімдеп қарсы алып, бар өнеріңді үйретіп бақытты етсең өз ұлтыңды, адамзат баласын бақытты ету жолында тер төккенің. Тәрбиенің тал бесігі балабақшадағы тәрбиеленушімен өткізген әрбір сәтің қызықты. Бала-көз қуанышың. Бала-ел байлығы, қоғам бақыты. Баланың балабақшадан жақсы тәлім-тәрбие алғанын қалаймын, аянбай сол үшін де еңбек етемін. Еркіндікке жол беремін. Баланың еркін сезінуі оның бәрін білуге деген талпынысы мен құлшынысы.
Баламен ойнасаң дүние сырының кілті іздемей-ақ табылады, өз атын еркін айтады, бала жүрегінен орын аласың. Бала тәрбиесінде заманауи технологияларды қолдануда белсенділік пен шығармашылық ізденіс дамиды. Баланың білімге деген құлшынысын арттырасың. Дамыта оқыту, жеке бағдарлы оқыту, проблемалап оқыту, денсаулық сақтау технологиясымен жүргізер жұмысың баланы оқыту мен тәрбиелеудегі жүйелі атқарылатын жұмыс кешені болып табылады. Тәрбиеленуші бүлдіршінді күннің шұғыласына, судың тұнығына, жаңбырдың мөлдір тамшысына, айдың нұрына, желдің самал лебіне, жайқалған әсем гүлдерге және кемпірқосақтың алуан-алуан түстеріне теңеймін, шын ниетім, себебі жетер жетістігімде баланың арқасы.
Баламен арамыздағы сыйластық сезімді қалыпты ұстанамын да жаһандану дәуірінде, жасампаз ғасырда балабақшадағы бүлдіршіннің ұстазы-тәрбиеші болғаныма мақтанамын.
Бұл сөздің астарында тәрбиеші мамандығының үлкен жауапкершілік иесі екендігі айқындап тұр.Бала тәрбиесі,оның ішіндегі балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. Ақын М.Жұмабаев айтқандай «Тәрбие-адам баласын кәміл жасқа толып,өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» -деген екен.Сондықтан біз балаларымыздың болашағына,тәрбиесіне жауапты жандармыз.
Мен балабақшада еңбек еткеніме 17 жыл.Осы жыл ішінде бұл мамандығымнан ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын.
Күнде ертеңгісін балабақшада жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп, жүрегіңді қуаныш сезім баурап, өмірге құштарлығың артады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін. Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: «менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс — әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?»…
Әрине әрбір оқу іс — әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.Мектепке дейінгі ұйымдардағы жұмыстардың басты бағыты оқу тәрбие процесін жүйелі жоспарлау,жаңа инновациялық технологияларды ендіре отырып балаларды дамытудың тиімді жолдарын қарастыру.Міне,осындай жұмыс жүйесі менің балабақшамда қалыптасқан. Сөзімді қорытындылай келе,тәрбиеші мамандығымды шексіз мақтан тұтатынымды және осы таңдаған жауапкершілігі мол қызмет жолында бар білімім мен тәжірибемді аямайтынымды, қалтқысыз еңбек ететінімді айтқым келеді.Мен үшін күнделікті балабақша балалардың алаңсыз күміс күлкісін,шаттыққа толы көңіл күйлерін көріп,балалармен бірге ойнап күлгеннің өзі бір бақыт деп білемін. «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген ұлы Абай. Олай болса әріптестер жас ұрпаққа мейірім шапағатпен , еңбекке баулу мен қоса Отанға деген, Ана тілге деген, туған жерге деген махаббатын нығайта отырып, оларға тура бағыт -бағдар беру біздің тікелей міндетіміз екенін естен шығармайық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу