Эсселер ✍️

  08.04.2022
  753


 Балалық шақ. 

                                                                      Әр адамға өзінің балалық шағы өте ыстық. Бірақ осы шағын бөлік қанша тамаша сәттерге толы болады. Кешегі титтей кішкентай кезім қызық әрі өте қанық түстерге толы болды. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Әрқайсымыздың балғын сәттеріміз жанұямызбен өтеді.  Бақытты балалық шақтың кепілі-сүйікті ата-анаң, бірге туып өскен бауырларың, жақсы көретін ата-әжең, жақындарың және жан достарың.


Балалық шақ – ең алғаш деген сөзден құралады. Осы уақытта көп нәрсені байқап көргіміз келеді, көкке ұшардай сезім бойымызды билейді. Әр ізденісіміз, әр көрген нәрсеміз, бастан өткізген оқиғаларымыз бізді есейте береді.


Сонымен, балалық шақ-бұл… Ұйықтаудың арманы емес, міндеті санаулы. Мектептен келе сала терезеге қарап, достарыңды көріп, даланы аңсауың. Бірақ, сен анаңмен сабақ оқуға тиіссің. Түн ішінде әжетханадан үйге қарай жүгіріп, ешкім жеп қоймайды деп қуану!


Ойыншықпен бірге ұйқыға жатарда, алдымен, сол ойыншыққа қолайлы болуын қарастыруың. Қағаздан, не жапырақтан ақша жасау. Батпақпен тамақ жасау.


Жер-аяғы  кеңіген  кезде  дос-құрбыларыңмен  ойнау. Онда  да тек  кешкі  21.00 ге  дейін. Ойынның қызығымен  жүріп, күннің батқанын  да  байқамай қалуың. Ал  ойынның түрі кө-ө-ө-п еді. Тек  қана  допқа қатысты ойынның  бірнеше  түрі  болатын- валейбол, баскетбол, тағысын  тағылар. Кәмпиттен  босаған  қаңылтырдың  ішіне  құм  толтырып, мак  ойнауың.


Балалық шақ-адамға бір рет қана берілетін, өміріңде қайталанбайтын шақтардың бірі. Балалықпен жасаған әрбір қателік кешірілетін кез, анаң мен әкеңнің қолынан жетектеп еркелеп жүретін кез, енді қандай бұзақылық жасасам екен деп бірдеңе бүлдіргің келіп тұратын кез. Қалағаныңды әперіп, арманыңды орындайтын кез. Жалпы балалық шақта жасаған қателіктерің, еркеліктерің өсе келе бір еске алып отыратын сағынышқа айналады. Сол кезде нағыз бақытты шақ балалық шақ екенін түсінесің. Оның енді қайтып келмейтінін ойласаң, уақыт неткен жүйрік еді деп бір күрсінесің.


Бала кезде теледидардан көретініміз-отбасы  болып  тамашалайтын  фильм  немесе  мультфильм, мұзда  мәнерлеп  сырғанау  чемпионаты, орталық  каналдан берілетін  «Ал, қане, қыздар!». Қазіргідей  сансыз  каналдағы кино,  компьютер мен ұялы  телефондағы, ғаламтордағы түрлі  ақпарат  болған  емес. Мен қызым мен немерелеріме осы  туралы  айтқанымда  маған  біртүрлі  аянышты  көзбен қарайды. Шамасы  ата-анасының  өмірі  қандай   көңілсіз  өткені  туралы  ойлайды-ау. Қайдан  білсін, біз  үшін  ең  бақытты кездің  өзі сол   балалығымыз  болғанын. Қайдан  білсін, әр  ай  сайын  келетін «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет  және  тұрмыс», «Жалын»,  «Жұлдыз» журналдары біз  үшін  қазіргі  ғаламтордан  кем емес  болғанын.


Күнделікті  өміріміз  де  бір  сүреңді  болды. Таңертең  мектепке  барасың, түстен  кейін  үй    шаруасымен айналысасың, одан  кейін сабақ оқисың. Жыл  мезгіліне қарай  қыста ауланың  қарын  күрейсің, малға  шөп  бересің, қора  тазалайсың, үйдің жанындағы  құдықтан  темір  шелекпен су тасисың, жазда  кішігірім малды  бағасың (бұл  шаруа  сенің  қыз  бала  не  ұл  екеніңе байланысты емес, кім  болсаң  да-сол  шаруа). Кешкі  асқа   отбасы   төрт  көзі  түгел  жиналады да, ата-анамыз   күні  бойы  не  істегенімізді сұрайды. Біз  тәптіштеп  тұрып  айтамыз. Дүниежүзілік этикет тәртібіне орай  үндемей  отырып тамақ  ішу-біз  үшін    мүмкін  емес  жағдай. Күн  сайын  осы.  Сыртымыздан тыңдаған  адам «тағы  да  сол  әңгіме» дер  еді.  Ал өзімізге соның өзі қызық  болатын. Бұл   үйде  тек  өз отбасымыз  болғанда  ғана. Ал  аяқ  астынан  күтпеген  қонақ  келе  қалса, қонақ  шайға  қанғанша  өз  бөлмемізде  отыра  тұрамыз. Оған  ренжимейміз де. Өйткені  ата-анамыз бала  кезімізден «Қонақ  ырысын  ала  келеді» деп  құлағымызға  әбден  сіңіріп  тастаған.


Біздің ең бір сағынышпен күтетін мерекеміз «Жаңа-жыл» мерекесі. Жаңа-жыл кешінде үлкен дастархан жанында отбасымызбен отырып, ата-анамыздың тілектерін тыңдап, бір-бірімізді құттықтап, ата-анамыздың дайындаған сыйлықтарын алып, мәз-мейрам болып жатқан күндерді жиі еске аламын.


Менің балалық шағым бақытты өтті десем қателеспеймін. Бала күніміз  күлкі мен бала ренішке толы сәттер ғой. Балғын сәттерді естен шығару мүмкін емес. Балалық шақ балдай тәтті ғой, расында ащысы болса да, ол-балалық еркеліктің еншісінде. Әрине, сағынудамыз. Сол себепті, сенің балалық шағың-өміріңдегі ең басты байлығың дегім келеді.


Бала кезімізде кім боламыз деген сұраққа біреуі мұғалім, біреуі дәрігер, енді біреуі милиционер деп жауап беріп жататын. Сол арманың ақиқатқа айналу үшін неше түрлі ойындар ойнайтынбыз. Мұғалім болып достарымыздан сабақ сұрап баға қойып жатамыз, біріміз дәрігер болып емдеп жатамыз. Қарап тұрсақ, сол бала кездегі арманның жетегімен дәл қазір өзіміз қалаған мамандықтардың иесі болып отырмыз. Бәрі өз ретімен орындалып жатыр, ал өткен шақ қайта оралмайды. Тек қана елесі ғана қалады.


Тым кішкентай кезім. 1-ші сыныпта оқып жүрген болатынмын. Әкем ағама үлкен қара сөмке әкеліп беріп жатыр екен деймін: «Маған сол сөмкені бер»- деп бой бермеген болуым керек. Әкем маған үлкен қара сөмкені ұстата қойды да, шығып кетті. Қуанышымда шек жоқ. Сол үлкен қара сөмкені қуана көтеріп мектепке барғаным жанымнан кетпес.


Шіркін, балалық бал күндер–ай…Неткен уайымсыз, қамсыз күндер десеңізші…  


Балалық шағым. Екінші сыныпта оқитын болуым керек. Қазақ тілі пәнінен жаттығуды жазуға ұмытып кеткен болатынмын. Сабақтың басталуына да аз уақыт  қалған болатын. Анам үйге келген қонақтармен әуре. Мен берілген жаттығуды қалай жазарымды білмей, жылап отырған болатынмын. Әкем бөлмеме кіріп келіп, қолына көтеріп алды да, әп-сәтте түсіндіріп, жаттығуға көмектесіп жіберді. Сол күні қазақ тілі сабағынан «бес» алып, екі езу екі құлақтың ұшына ілініп қалған, менің мәз-мейрам болып келгенім әлі есімнен кетпейді.


Мен кішкентайымнан көп сырқаттанып, ата-анама көп салмақ болдым. Ата-анамыздың  аппақ төсекте аялап өсіргенін, түн ұйқысын-төрт бөліп, күн жағымызға көлеңке, жел жағымызға қорған болғандарын қалай естен шығарамыз.


Әкем мен анам бізге бәрін беруді ойлады. Бізге мектепті жақсы оқыңдар дейтін. Кейін мектепті бітіріп, жақсы жоғары оқу орнына түсуімізді қалады.


Әкем мен анам сабақтарымызға немқұрайлықпен қарамай, кешкілік «Сабақтарың қалай, үй тапсырмасын орындадыңдар ма?» деп, үнемі бақылап отыратын.


Үйде арнайы балалар бөлмесі болды. Бұл бөлмеде қабырғада үлкен «Жер шары» картасы ілулі тұратын. Сабақ орындайтын дөңгелек үстел үстінде де үлкен және кіші глобустар тұратын. Ұзын бір қабырғаны бойлай тұрған кітап сөрелері қызықты кітаптар мен журналдарға толы болатын. Әкем мен анам қайда жүрсе де бізге оқу құралдары мен неше түрлі ойыншықтардың сан түрін әкеліп, қуантудан жалықпайтын. Мектептегі ата-аналар жиналысына үзбей қатысып, қажет болған жағдайда  көмектерін аямайтын. Анам мектебіміздің ата-аналар комитетінің төрайымы болды.


Әкем мен анам бізге бәрін беруді ойлады. Бізге мектепті жақсы оқыңдар дейтін. Кейін мектепті бітіріп, жақсы жоғары оқу орнына түсуімізді қалады.


Мен әкем мен анамның маған деген сенімін ақтағым келді. Кейін оқу бітіріп, жақсы жұмыс орнына тұрып, олардың мақтанышы болғым келді. Мен үшін мақтана алатындай. Егер мен үлкен жетістіктерге жетсем, ол жетістігім ата-анамның еңбегі деп ойлаймын.


                      Мен  өз балалығыма, бала  кезімде  қасымда  болған  ата-анама,  бауырларыма  ризамын. Балаларымыздың  өмірі өзгелеу, біздікінен   жеңіл, қызықты  болар. Бірақ  бұл  кезді   өз  балалығымның  бір  күніне  де  айырбастамас  едім. Қара  сирақ, жалаң аяқ  күйімізде  әр нәрсені армандап, жаңалық  атаулының  бәріне  қызығып жүрген, ертеңгі  күннен  тек  жақсылық  күткен, қуансақ  шын  көңілмен  қуанып, ренжісек, қара  аспан  төңкерілгендей, тығылып отырып, жылап алатын  балалығым — ең  қымбаттым  өзің  екенсің…      




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу