Эсселер ✍️

  08.04.2022
  156


Әке туралы ой

Жанымдасың, қамқорымсың білемін.
Қабыл алғын бала – жүрек тілегін.


                          


Бұл қамшының сабындай қысқа өмірде адам баласының бүкіл болмысын, тыныс тіршілігін, кескін-келбетін ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін, көңілдің саясын паналайтын екі асыл жан бар.Оның бірі-аяулы ана болса, екіншісі–ардақты әке. Біздің қанатымыз қатайғанша, бұғанағымыз бекінгенше аялап, мәпелеген аяулы қос шынардың алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз анық.


Маған да ардақты әкемнің өмірдегі таудай тұлғасын, биік адамгершілік қасиетін, ұсақ тірліктің әр сынынан азаматтық болмыспен жол тауып шығатын сұғылалығын ойыма алғызған, қолыма қалам ұстатуға мәжбүр еткен оған деген сағыныш, құны еш нәрсемен өлшенбейтін перзенттік сезім болса керек.


Әкем Әбдіреш Төре ұлы мынау жарық дүниедегі маңдайына жазылған өлшеулі ғұмырда сөзі мен ісі үйлесім тапқан ардақты азаматтың бірі еді. «Әке» деп ауыз толтырып, көкірегіңді керіп, кеудені айқара ашып, ерекше ықыласпен, ізгі ілтипатпен айтуға тұратын өмірдегі аяулымның да қамшының сабындай қысқа, бескүндік жалған өмірмен қош айтысқалы да төрт жыл өте шықты.


Әкеме деген балалық сағынышымды, сырым мен ешкімге айтылмаған әңгімемді қағаз бетіне  түсіруді жөн көрдім.


Ойлаған адамға, тіпті, өмірдің өлшеуіне салып қарағанда, төрт жыл –азғантай жыл емес. Алайда, осы уақыт мен үшін ғана емес, әкеміздің қанынан тараған ұл-қыздары үшін де жылдар пара-пар болды. Өйткені, әкесіз өткен осы уақыт жүректі қарашаның суық желіндей тоңдырды, желтоқсанның ызғарындай қарыды, қаңтардың аязындай қатайтты. Менің әкем де қазақтың жоғын жоқтап, барын ұқсатқан небір маңдайалды азаматтарындай қарапайым отбасынан шыққан.


Әбдіреш Төре ұлы 1945 жылы 1-ші қаңтарда Тәжікстан республикасы Душанбе қаласында Қарымсақовтар әулетінде  дүние есігін ашыпты.


Әкесі Төре мен аяулы анасы Ұштап  үш қыз бен екі ұлды дүниеге әкелген екен. Менің әкемнің өзінен үлкен Қаным, Темір атты екі апасы мен Әбдімұқан ағасы және өзінен кейінгі қарындасы Базаргүл. Әкем тумаларының арасында төртінші бала екен.                          Бері келе, Шымкент облысы Жетісай ауданы Ленин колхозына көшіп келіп, жалпы орта мектепті бітіреді. Шымкент қаласындағы милиция училищесіне оқуға түсіп, оқуын аяқтап шығады.


Бері келе, анам Марияшты жолығып, құда түсіп, шаңырақ құрыпты. Орысша білім алған анамыз Марияшқа әкемнің отбасында бірден тіл табысу қиын болса да, шыдамдылық пен төзімділік танытып, сый-құрметке ие болады. Анамыздың құлақтың құрышын қандыратын әндері мен жүректен шыққан өлең жолдары таң қалмасқа шек келтірмеді.


Алла тағала әкем мен шешеме перзентті бірінен кейін бірін беріп, шаңырағын шаттыққа, босағаларын бақытқа кенелткен екен.


Тіршілігі қара қазандай қайнаған Ішкі-істер қызметінде  әкемнің еңбек жолы басталады. Таза еңбектің, маңдай терімен атқарылған жұмыстың тәттілігі ерте жастан сезілді. Ол теңіздей толқыған тірліктің барлық мағынасын еңбектен тапты. Қызметін абыроймен атқарып, зейнеткерлікке шықты. Әкеміз Ішкі-істер қызметінде 30 жыл қызметте болды.      




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу