Эсселер ✍️

  08.04.2022
  173


Мен мамандықтар әлемінде

Дамира Сейткамал


Міне, мен- кеше ғана мектеп табалдырғын аттаған бүлдіршін едім, енді көзді ашып-жұмғанша мектеппен қоштасатын күн де жақындап келеді. Бұл күн, әрине, бір жағынан болашаққа қадам басу қуанышын сыйласа, екінші жағынан мойнымызға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Себебі, алдымызда «мамандықтар әлемі» атты жұмбақ патшалық күтіп тұр. Бұл жұмбақтың шешуін тауып, бала кезден армандаған білім атты ақ жолға адаспай түсу- көпшіліктің қолына түсе бермейтін бармақтай бақ. Оның себебі өте көп, бірақ мен оларға тоқталып жатқым келмейді. Мен мамандықтар әлеміне сапар шеккім келеді.


Әлемде талай қызық бар дегендей, қазіргі кезде дүние жүзінде елу мыңдай мамандық бар екен. Жыл сайын әлемнің қарыштап дамуына байланысты бес жүзге тарта мамандық қосылып отырады деген мәліметті оқып, таң қалдым. Неге десеңіз? Біз осы мамандықтарды білмек түгіл атын да естімеген екенбіз. Басқа елдердегі мамандықтарды айтпағанда, өз еліміздегі мамандықтар туралы да білетініміз аз ба деп ойлаймын. Оны білмеуіміздің себебі неде? Менің ойымша, ерекше мамандықтар туралы ақпараттардың аздығында, мысалға мектеп түлектеріне арналған бағыт-бағдар беретін нұсқаулық біздің елімізде жоқ екен. Сол себептен жастар елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін білмейді және қай мамандықтардың қазіргі заман талабына сай жойылып жатқанынан да хабары жоқ. Сондықтан шет елдердегідей зәру мамандықтарға арналған кітапшалар шығып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.


«Мектеп бітірген соң кім боласың, қандай оқуға түсесің?» міне, түлектерге жиі қойылатын сұрақтар, бұл сауалдарға мен сияқты оқушылардың басым бөлігі нақты жауап бере алмайды, себебі алда күтіп тұрған ҰБТ деген үлкен сынақ бар, сол ғана бұл сұраққа жауап береді. Сондықтан қазірден бастап бұл сынаққа жауапкершілікпен дайындалуымыз керек. Сонда ғана алға қойған мақсатқа жетуге болады деп ойлаймын.


Жалпы көп оқушылар мамандықты жақсы өмір сүрудің көзі деп қабылдайды. Ал мен «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет. Бұл-жай күнелту, тамақ асырудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе»-деп айтқан қазақ әдебиетінің негізін салушының бірі, көрнекті жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың пікіріне қосыламын. Себебі, бәріміз тек қара басымыздың қамын ойлайтын боласақ, еліміздің болашағын кім ойлайды? Сондықтан мен халықты жаңалықтармен құлағдар ететін, өз ойымды еркін жеткізіп қана қоймай, ақын-жазушыларымыздың мұрасын таныстыратын журналист болғым келеді. Бұл-менің қалауым, менің таңдауым. Шындығына келгенде менің достарым да, туыстарым да бұл таңдауыма разы емес.Олардың ойларынша бұл мамандық қыз бала үшін ауыр. Ең бастысы менің айналамдағылардың не дейтіні емес, менің қалауымның не екені. Қай мамандық иесі болмайық ең бірінші елге қызмет етіп, қандай да болмасын елімізге, халқымызға пайдасы тисе одан асқан маңызды не бар деп ойлаймын. Кубалық ақын, жазушы, қоғам қайраткері Хосе Хулиан Марти « Ең қиын мамандық-адам болып қалу» дегендей, мен де өмірде ар, намыс, абырой деген қасиеттерді көзімнің қарашығындай сақтап, адамгершіліктің ақ туын биік ұстап өтсем деймін.


Осы тақырып төңірегінде ізденгенімде көптеген қызық мамандықтардың барына көзім жетті. Мысалы, Ұлыбританияда кезекте тұрушы мамандығы бар екен. Сол елдің зерттеуі бойынша бір ағылшын бір жылын кезекте тұрумен өткізеді екен, сондықтан кез келген адам өз ісін тоқтатпай, кезекке тұрушы маманды шақырып, кезекке тұруын өтіне алады екен. Келесі байер деген мамандықпен таныстым. Ол – тапсырушының орнына киім алып жүретін маман. Киімді өлшеміне, сән мен стиліне сай таңдап алып береді. Батыста өте танымал бұл мамандық уақыт үнемдеуден туындаған. Ал Жапония елінде әңгімелесуші мамандығы бар. Ол арнайы үйшікте отырып, аптасына он мыңнан аса адамның мұңы мен ренішін, ашуы мен қорқынышын, қуанышы мен қайғысын, ішіндегі сезімін сыртқа шығаруына көмектеседі екен. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады, бірақ елім, жерім деген азамат ең бірінші өз еліне қажет, аса зәру химик, ақпараттық технолог, өнеркәсіп саласы мамандары мен астроном сынды ғарыш саласы мамандары, картограф, геодезист, астрофизик сияқты мамандықтарды игерулері керек. Ол үшін бұл мамандықтар жайлы ақпараттар көбірек берілсе, теледидардан мамандықтар әлемінде сияқты бағдарламалар, оларға арналған қызықты, тартымды жарнамалар, тегін оқу орындары ашылып, оған нағыз білімді оқушылар таңдалып алынса деген тілегім бар. Сонда ғана елімізде мамандыққа мұқтаждық болмай, білімді, жауапкершілігі мол, бәсекеге қабілетті, білікті мамандар қатары көбейіп, еліміз дамыған 30 елдің қатарына кірері сөзсіз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу