Өлеңдер ✍️
КОСМОСТА АПАТ ОТЫ ШАРҚ ҰРМАСЫН
Жанталасқан қарулануды космосқа да тарату жөніндегі
зұлымдық жоспарларға қарсы барынша көп күш жұмсап,
күресеміз.
(Газеттерден)
Космоста
Апат оты шарқ ұрмасын,
Күн көзі
нейтронмен шарпылмасын.
Ракета, бомба емес –
тек найзағай,
Жаңбырлы бұлтты желпіп
жарқылдасын.
Халықтың мұраты сол –
Аспанымыз,
Әлемге төксін нұрын
от-жалынсыз.
Жайнасын күн күлімдеп,
түнермесін,
Сәулесін түнде жерге
шашқан жұлдыз.
Шарласын космонавтар көк қиясын,
Ашуға күңгірт көктің құпиясын,
Космостың еркін барлап тұңғиығын,
Аспанның аясынан сыр тыңдасын.
Ұшсын көк кемелері
кең айдында,
Жер, көктің
сыр-сипатын айыруға,
Сырлассын жүзі жұмбақ жұлдыздармен,
Көз тіксін жымыңдаған ай нұрына.
Көкке ұшса космонавтар
қуанамыз,
Аспаннан тың сыр таңдап толғанамыз.
Космостың саяхаты – бейбітшілік, –
Бұл біздің ғасырдағы туған аңыз.
Гагарин жер тумасы –
көк еркесі,
Космостан өшпес мәңгі көлеңкесі.
Ерлерге қанат берген еркін жанды,
Айбынды, айдынды да кең өлкесі.
Сенеміз халқымыздың құдіретіне,
Серті сол –
қан жұқпасын күн бетіне.
Зұлымдар, нейтронды жарып көкте,
Ашынған адамзатты күйретуге.
Тұтанса нейтрон мен «Першингтері»
Зіл-зала ойран болар әлем күллі.
Апат бар ракетаның қанатында,
Ол ұшса,
қан шылқиды, жауып күнді.
Атоммен
Рейган түйген жұдырығын, –
Соғыстың артып жортқан зілді жүгін –
Қанатты ракетамен
ұшқандай ол,
Әйгілеп бар әлемге зұлымдығын.
Бар халық –
сойқан ойын ұқты бүгін,
Қорғауға – әзір бейбіт, құтты күнін.
Отаным, соғысқұмар зұлымдарға,
Көрсетер айбат шегіп мықтылығын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter