Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  168


Автор: Қалижан Бекхожин

ҚЫСЫҢДЫ ДА САҒЫНДЫМ

Туған өлкем,
Қысыңды да сағындым.
Аунап өстім
Мамығына қарыңның.
Аяздарда бетім шоқтай қызарып.
Қызық көрдім
Құйындардың сарынын.
Азынаған ақпанда
мен туыппын.
Бесігімде
лебін жұттым суықтың.
Бәлкім содан –
Үскірікке бүрсимей,
Бала кезден
Қармен ойнап шынықтым.
Ертісімде
асыр салдым қыста мен,
Көк мұзында шыр айналдым,
Ұшқыр ем.
Қайда сол шақ?
Енді кейде аунақшып,
Мұз ойнақта жүрмін ғой деп –
түс көрем.
 Ұмытылмас алай-түлей бораның,
Айдаһардай
ашқан қырда аранын.
Комсомолым
жұмса мені шығанға,
Ду денемді
түтек қарға орадым.
Он алтымда
жазды күзге тапсырдым,
Түзді жосып,
тракторда қақшидым.
Қилы қыста болдым
қызыл белсенді,
Оған куә –
тірі шалы Ақсудың.
Қайран жастық!
Өтті қыстай құйындап.
Қарлы бастан
Өтті зулап қиын шақ.
Қалды Ертіс жағасында қызуым,
Дуылдаған борандардан күй тыңдап.
Білем, қазір,
бұзып қырым шырқыңды.
Бура боран
жынын шашып сілкінді.
Сескірмес сұрапылдық,
қыста сақ,
Жерлесімді –
Менің малсақ жұртымды.
Боран – бөрі,
Жер жұтқандай құлқыны.
Алапатын жайып түзге жұлқынды.
 Байқа бауырым,
әрең таптым әлек боп,
Ақшиманнан
боран қуған жылқыңды.
Бүркемесін құйынды қар
жыл басын.
Жерлестерім
жеңіс күйін шырқасын.
Сәлемімді естігенде серпілсін,
Қиықтағы
Қойшы досым, құрдасым.
Көксемеймін
боранды бір армандай –
Қыста ғана бар қызығым қалғандай.
Ертіс қысын
алдым еске есіркеп,
Алматымда
ақпанда да қар жаумай.
Жас кезіңде
сөз бе боран ызғары.
Қызуыңнан балқыр
қыстың ызғары.
Бөбек бетін сүйгендіктен
сар аяз,
Біздің жақтың
сұлу келер қыздары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу