Өлеңдер ✍️
СӘЛЕМ ЖЫР
(Павлодарлық жерлестеріме)
Сәлем!
Менің сүйікті жерлестерім!
Аясында өлкеңнің
мен өскемін.
Ертісімде тербелдім,
толқынымен –
Жасымнан-ақ дауысым
үндес менің.
Өстім еркін
асыр сап өрендермен.
Қызық шақтар есімде
өзім көрген
Алғаш мұнда ұмтылдым
білімге мен,
Мұнда тірлік бағытын
сезді зердем.
Кең аяңда
жастықтың нұрын жұттым.
Өрісіне талпындым
өр үміттің.
Комсомолдың
жүгірдім жебеуімен,
Мұнда мен
еңбекші жұрт сырын ұқтым.
Махаббатқа
жасымнан құмар жаным –
Сүйкімді қызға мұнда
жыр арнадым.
Бұл жерден
жетектеді мені алға,
Тулаған жүрегімде
шын арманым.
Өршіді астанамда батыл үнім,
Жырладым
таң-тамаша шақтың жырын.
Өлеңнің қанатымен
шықтым шыңға,
Республикамның
әйгілі ақынымын.
Уақыттың асуынан
астым талай,
Жыр тұрағым – таудың биік асқарындай.
Жетпіске жетсем де мен,
жерлестерім,
Сендерге
иілемін жас баладай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter