Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  400


Автор: Қалижан Бекхожин

СҮЙЕМІН ҚЫЗЫЛ ҚҰМЫН КЕРЕКУДІҢ

... Сүйемін қызыл құмын Керекудің,
Мен өзім сонда өсіп, сонда тудым,
Туғанда ашулы Ертіс құшаққа алып,
Жастанып жатқам талай толқын суын.
 Балалық тапқан сонда сұлу көрініс, -
Кей кезде жарға сыймай көкжал Ертіс.
Ашулы арыстандай жардан атып,
Тасқыны кең алабын басқан тегіс.
Сүюші ем, аққан өрен қозғалысын,
Аспандай мөлдіреген көкше түсін.
Жүзгенде кешке жақын ағысымен,
Мені де әлдилейтін көк Ертісім.
Алтайдың жүрегінен атқан тулап,
Арқаның адырында шықты ойнақ сап:
Шақырған күркіреген даусы мені –
Аймағын алтын бесік аясына ап.
Әлі де сол дабылы құлағымда,
Үрейлі бесік жыры ұнады ма?
Әйтеуір сүюші едім өзен шуын,
Жөргекте тыңдап жатып таң алдында.
Көтерген бесігімен өзен мені –
Есімде алай-түлей гулегені.
Дөңіне солтүстіктің мені арқалап,
Жарысып толқындарың жөнегені;
Қалыпты жүрегіме сол кезде ұйып,
Толқынның ашулы үні, суық демі:
Ағысы бұлан-талан терең сырлы –
Мазасыз сыбыр-күбір сөйлегені.
Сол сыйың бөбегіңнен жыр боп аққан –
Сондықтан сүюші едім, Ертіс сені! –
Есімде Ертіс маған сыр ашқаны:
Сыбырлап ормандағы ағаштары,
Шерткендей Октябрьдің дауыл күшін,
Жаныма жас балалық ой тастады.
Сүйікті құлан қырлы сахарасы,
 Жап-жазық көз жетпейтін айналасы:
Алыста ойнақтаған сар сағымы,
Айқасқан көк пен жердің екі арасы.
Осындай сұлулықтың әлемінде,
Күлімдеп Керекудің тұр қаласы.
Естіген геройымның сол жерде атын,
Ерлігін, ертегі ғып жұрт айтатын;
Шығыпты Балтабайдай батыр жігіт,
Айбыны жауды үркітіп, тау шайқайтын.
Айтатын әлденеге жора қылып,
Күн сайын атағына жыр тағылып:
Сақтаған соның бәрін бала жүрек,
Сондықтан шығады да жыр ағылып...
1939 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу