Өлеңдер ✍️

  08.04.2022
  356


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖАУЫНГЕР МАРШЫ

Жауынгерміз біз айбынды,
Қаһарымыз қар бораған.
Ұлы дүбір майдан туды,
Дабылдата соқ, барабан!
Бойды билеп, намыс қайнап,
Кеудемізде кек тулаған,
Көрсетеміз дүниеге айбат,
Тазалансын жаудан жаһан.
Дүниеге тиді албасты,
Тиді албасты қанды аңсаған,
Ажал тілеп бізге айқасты,
Сонау Гитлер – жынды есалаң.
Күндей күшті аспандағы,
Тиді Отанға нұр жайнаған,
Ол қара түн жезтырнағы,
Біз дауылпаз көкте ойнаған.
Соқ барабан, қақ дабылды,
Жаңғырықсын дүние – жаһан.
Шақырамыз көк дауылды,
Жай отымен жарқылдаған.
Жер менен көк қатулансын,
Ашулансын барлық адам,
 Ашуына Гитлер жансын,
Дүниенің лапылдаған.
Ақ қаһардың зеңбірегін,
Найзағайдай шартылдаған.
Кетсін жарып жер жүрегін,
Жау қалмасын шарпылмаған.
Біз шырқаймыз шуды ашулы,
Жаңғырықсын дүние жаһан.
Ұлы дүбір майдан туды,
Соқ барабан, соқ барабан!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу