08.04.2022
  233


Автор: Абдрахман Асылбек

Жалқау жан

Адамнан тілегеннің
Екі көзі шығады.
Алладан тілегеннің
Екі бүйірі шығады.
(Халық даналығы)
Ерте, ерте, ертеде,
Ешкі жүні бөртеде.
Қояндардың құйрығы
Бүгінгідей келтеде
Болыпты бір еріншек,
Еңбек десе шегіншек.
Көрінгенге қол жайып,
Болыпты шын еміншек:
«Ей, адамдар мейірлі,
Салыңыздар зейінді.
Беріңіздер бір көмек,
Тарылтпаңдар пейілді»...
Берер дейсің жиі кім?
Біреу тастап тиынын,
Біреу беріп кетеді
Ескі-құсқы киімін.
Жалқаулыққа не шара?
Содан кейін бейшара
Лашығында жатады,
Әр нәрсеге ой сала:
«Тақыр кедей мендейді
Құдай неге көрмейді?
Өзгелердей маған да
Неге байлық бермейді?
Аяқ та бар, қол да бар,
Жүк көтерер жон да бар.
Қарақан бас қалқиып,
Еш түрім жоқ оңдалар.
Е, Құдайым, барсың ба?
Жоқ-жітікке жарсың ба?
Басқаларға жомарт та,
Мен дегенде тарсың ба?
Мырза болсаң сен егер,
Е, Құдайым, бере гөр.
Байлық пенен береке,
Босағама келе гөр»...
Қарамай өз сиқына,
Құр қиялдап қитыға,
Әлгі еріншек ақыры
Батып кеткен ұйқыға.
Түсіне қарт еніпті,
Жақынырақ келіпті.
Жалқау жанды есіркеп,
Жақсы кеңес беріпті:
«Ей, жалқау жан, пендесің,
Ақыл-ойдан кендесің.
Жасау керек қаракет,
Бұл өмірге келгесін.
Аяқ пенен қолың бар,
Қимылдатар жөнің бар.
Еңбек етсең, Құдайың
Тілегіңді орындар.
Оянбасаң ақ таңда,
Батам деме батпанға.
Көтер басты, ей, пенде,
Жан жуымас жатқанға.
Тұруға да ерініп,
Жатып алма керіліп.
Үй алдына тал тіккін,
Еңбекке шын беріліп.
Талың тездеп өнеді,
Көршілерің көреді.
Құдай сонда өзіңе
Тілегіңді береді».
Жалқау ерте түрінді,
Қызыр сөзін ұғынды.
Тауып төрт-бес шыбықты,
Үй алдына тігілді.
«Е, Құдайым, бере гөр,
Көк шыбығым, өне гөр.
Байлық пенен береке
Босағама ене гөр».
Деп, қайтадан жатты ол,
Құр қиялға батты ол.
Байып кетер оп-оңай
Күтті ұзақ сәтті ол.
Есігін де ашпады,
Сыртқа қадам баспады.
Ал, шыбықтар сусырап,
Жайлап сола бастады.
Бұл қылықты байқаған
Қызыр басты шайқаған.
Берекесіз жалқаудың
Түсіне енді қайтадан:
«Жалқау, не деп жатырсың?
Жоқ па, сірә, ақылшың?
Егер еңбек етпесең,
Өмір бойы пақырсың.
Тыңдап айтқан ақылды,
Шыбық ектің, мақұл-ды.
Су бермесең сен оған,
Көгерте ме тақырды?
Су ақпайды өзі кеп,
Су табудың көзі көп.
Шыбықтарың қурайды,
Су бермесең тезірек.
Үй алдынан құдық қаз,
Еңбегіңді ел ұмытпас.
Суы шықса бұрқырап,
Оған кім бар қызықпас?»
Мақұл көріп бұл істі,
Жалқау іске кірісті.
Қиналса да қаншалық,
Тоқтамауға тырысты.
Деп, қуатым, қайдасың?
Тауып кетпен, қайласын,
Қаза берді құдығын,
Көруге шын пайдасын.
Шықпаған тер талайдан
Су боп ақта самайдан.
Қаза берді құдығын,
Кезде де қас қарайған.
Күн батты да, таң атты,
Алтын арай таратты.
Құдықтан мол су шығып,
Дүйім жұртты қаратты.
Көрші-қолаң қуанды,
Шелек-шелек су алды.
Шыбықтарды жалқау жан
Кезек-кезек суарды.
Тартқан сайын қауғаны,
Маңдай тері саулады.
Еңбегімен ерекше
Көп көңілін жаулады.
Ерен еңбек байқалды,
Тал-теректер жайқалды.
Сол құдығы ақыры
Қарымтасын қайтарды.
Бар күшімен күресіп,
Тартқанда бір тіресіп,
Шыға келді сандықша
Қауғасына ілесіп.
Іші толған жарқылды
Теңге екен алтынды.
Жалқау бірден ойланды,
Қуантсам деп халқымды.
Алыс пенен жақынды
Ауласына шақырды.
Өзі өз боп ақыры,
Айтты сөзін ақылды:
«Мен ақымақ екенмін,
Өткізіппін бекер күн.
Қанша асып-таспағын,
Құдіретке жетер кім?
Жалынсаң да Құдайға,
Тек жатуың ұнай ма?
Адал еңбек етпесең,
Көнбейді екен райға.
Оянбасаң ақ таңда,
Батам деме батпанға.
Көтермесең кеудеңді,
Жан жуымас жатқанға.
Мен осыны түсіндім,
Бос тілектен қысылдым.
Еңбегіңмен есіркер,
Аллаға бас ұсындым.
Мына берген сыйлығы –
Емес батпан құйрығы.
Бөліс деген баршамен,
Бір Алланың бұйрығы.
Бұл байлықты сол үшін,
Жұмсаймын тек ел үшін.
Бергім кеп тұр барынша
Кемтарларға қол ұшын.
Осы үйдің алдынан
Балабақша салдырам.
Осыншама байлықты,
Кімге, әйтпесе, қалдырам?
Байлыққа шын беттеген
Жандар өткен көптеген.
Атымтайдай жомартқа,
Бірақ, ешкім жетпеген.
Тіресем деп көкпенен,
Өмірден кім өтпеген?
Бірақ, бірге байлығын
Ешкім алып кетпеген.
Жазда жасыл жапырақ,
Күзде қағар тапырақ.
Үзіліп ол түскен соң,
Бетін жабар топырақ.
Сонда артта не қалар?
Жөні жоқ іс жоғалар.
Көсегесін көгертер,
Ұрпақты ел оңалар.
Бала – біздің бағымыз,
Жарқын болашағымыз.
Соларменен жарқырап,
Ата берер таңымыз.
Бала – біздің бағымыз,
Жарқын болашағымыз.
Соларменен тұғырлы,
Теңселмейді тағымыз».
Деп, жұмысқа бас ұрды,
Балабақша ашылды.
Жалқау жанның тілегін
Алла іске асырды.
Гүлдер қызыл, жасылды
Желектеніп ашылды.
Бүкіл ауыл-аймаққа
Алтын шуақ шашылды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу