Ертегілер ✍️
Жеті өнерпаз
Ертеде бір хан бопты,
Қызы ақылды жан бопты.
Айдай сұлу дидарын
Көрген адам таң бопты.
Қалам қасы керіліп,
Қолаң шашы өріліп,
Сылдырайды шолпысы,
Иығына төгіліп.
Қимаса да хан қызын,
Арайланған таң жүзін,
Ерге бермек болады,
Әлпештеген жалғызын.
Қыз сөйледі:
– Әке, – деп,–
Өсірдіңіз мәпелеп.
Бұл ойыңды, әрине,
Тұрғаным жоқ қате деп.
Оңай емес жар таңдау,
Көрінгенге жалтаңдау.
Хан баласы екен деп,
Керек те емес жалпаңдау.
Жау жасқаған айбыны,
Батыр болар қайбірі.
Бай ұлының баянсыз
Керек те емес байлығы.
Салып ақыл тезіне,
Құлақ ассаң сөзіме,
Жар таңдауды өмірлік
Қалдыр, әке, өзіме.
Өзі сұлу, сымбатты,
Бар асылдан қымбатты.
Жалғыз ерке қызының
Сөзі ханға шын батты.
Қызы қолқа салғанда,
Ханда тағат қалған ба?
Мақұл деді, Перзентім
Кетпесін деп арманда.
Барлық жұртты жинады,
Барын беріп сыйлады.
Жар таңдамақ қызының
Сөзін айтты ибалы:
– Уа, жарандар, жарандар,
Жалғыз-ақ қыз балам бар.
Жарды өзім таңдаймын
Десе, қандай шарам бар?
Қызымның сол тілегі –
Бәйгіге бас тігеді.
Асса кімнің өнері,
Соны жар деп біледі.
Осы шартты орындар
Жігітке шақ орын бар.
Өнеріне сенгендер,
Кәне, дайын болыңдар.
Сұлудың бұл шартына
Ұмтылды әркім шарқ ұра.
Жеме-жемге келгенде,
Қала берді тартына.
Өнерлілер өрінде
Жеңіп шығу жеңіл ме?
Тегеурінді күш керек
Танылуға тегінде.
Айтқан сөзді ақылға ап,
Қыздың шартын мақұлдап,
Домбырашы бір жігіт
Келді ханға жақындап.
Жігіт жеңін түреді,
Қыран құстай түледі.
Бағып әрбір қимылын,
Қыз да көзін тігеді.
Жігіт басып бармағын,
Ақтарады арманын.
Төгіп-төгіп тастайды
Тоқсан күйдің тармағын.
Аңыратып, аңқытып,
Балбыратып, балқытып,
Тартады кеп, тартады
Шаттық күйін шалқытып.
Еңіретіп, егілтіп,
Қабырғаны сөгілтіп,
Тартады кеп, тартады,
Мұңлы күйді төгілтіп.
Саусақтары салалы
Билеп ақыл-сананы,
Жан-жүйені жібітіп,
Сан өрнекке салады.
Қыз да, хан да, халық та
Қайран қалған қалыпта,
Таңырқаса қарады
Тап осындай алыпқа.
Қыз сөйледі:
– Жарқыным,
Өнеріңе тәнтімін.
Көрген жоқпын күйшінің
Тап өзіңнен артығын.
Оңай емес жар деген,
Сенде кінә бар демен.
Біразырақ байқайын,
Асықпайын әлде мен.
Тас түйіліп қабағы,
Жігіт үнсіз қалады.
Олқысынса өнерін,
Бар ма басқа амалы?
Қыздың шартын кұп алып,
Шықты тағы бір алып.
Көпшіліктің алдында
Билеп кетті ол бұралып.
Жігіт жеңін түреді,
Жалт-жұлт етіп түледі.
Бағып әрбір қимылын,
Қыз да көзін тігеді.
Сыртылдатып бармағын,
Ақтарады арманын.
Көрсетеді бимен-ақ
Сан өнердің тармағын.
Қыз сөйледі:
– Жарқыным,
Өнеріңе тәнтімін.
Көрген жоқпын бишінің
Тап өзіңнен артығын.
Оңай емес жар деген,
Сенде кінә бар демен.
Біразырақ байқайын,
Асықпайын әлде мен.
Тас түйіліп қабағы,
Жігіт үнсіз қалады.
Олқысынса өнерін,
Бар ма басқа амалы?
Қыздың шартын құп алып,
Шықты тағы бір алып.
Сурет сала бастады,
Көпшіліктен сұранып.
Қолында қыл қаламы,
Бояуына малады.
Содан кейін құлпыртып,
Сансыз сурет салады.
Көк тіреген тауларды,
Тамылжыған бауларды,
Бәрін-дағы салып ол,
Көптің көңлін аударды.
Әлпештеген баланы
Салды абзал ананы.
Егін тұнған алабы
Салды сұлу даланы.
Қойнаудағы аңшы да,
Жайлаудағы малшы да,
Дихан-дағы салынды
Жүрген терге малшына.
Елге үнап еңбегі,
Суретші шын ерледі.
Өзіне-өзі ырза боп,
Өнерімді көр деді.
Алайда қыз алдағы
Айтқанынан танбады.
Жігіттің де суретші
Үміт оты жанбады.
Қыздың шартын құп алып.
Шықты тағы бір алып.
Ағып тұрған арынды
Ақын еді бұл анық.
Жырлады ол заманды,
Жырлады ол ғаламды.
Жырлады ол ел сүйген
Небір ғажап адамды.
Жан-жүйесін тербетіп,
Жырлады қыз келбетін:
«Нұрландырып тұр, – деді,
Сенің көркің жер бетін!»
Жырлады ол саналы
Ақылы асқан дананы.
Жырлады ол жақсыны,
Жауқазындай жаңаны.
Жырлады ол, тынбады,
Барлық адам тыңдады.
Тұла бойды балқытты
Тәтті жырдың ырғағы.
Қыз да, хан да, халық та
Қайран қалған қалыпта,
Таңырқаса қарады
Тап осындай алыпқа.
Қыз сөйледі:
– Алтыным,
Өнеріңе тәнтімін.
Көрген жоқпын ақынның
Тап өзіңнен артығын.
Оңай емес жар деген,
Сенде кінә бар демен.
Біразырақ байқайын,
Асықпайын әлі де мен.
Тас түйіліп қабағы,
Жігіт үнсіз қалады.
Олқысынса өнерін,
Бар ма басқа амалы?
Қыздың шартын құп алып,
Шықты тағы бір алып.
Сан білімді сарыққан
Ғалым еді бұл анық.
Қыран бүркіт секілді,
Ортаға кеп отырды.
Қоршап тұрған көпшілік
Сұрақ қойды не түрлі.
Ой жүгіртіп әріге,
Жауап берді бәріне.
Тұрды жігіт бар ма деп,
Сауалдарың әлі де.
Алайда қыз алдағы
Айтқанынан танбады.
Ғалымның да ғаламат
Үміт оты жанбады.
Қыздың шартын құп алып,
Шықты тағы бір алып.
Сан өмірді сақтаған
Емші еді бұл анық.
Дәрігермін мен деді,
Өнерімді көр деді.
Талай-талай сырқатты
Тез арада-ақ емдеді.
Қыз сөйледі:
– Жарқыным,
Өнеріңе тәнтімін.
Көрген жоқпын емшінің
Тап өзіңнен артығын.
Оңай емес жар деген,
Сенде кінә бар демен.
Біразырақ байқайын,
Асықпайын әлі де мен.
Тас түйіліп қабағы,
Жігіт үнсіз қалады.
Олқысынса өнерін,
Бар ма басқа амалы?
Қыздың шартын құп алып
Шықты тағы бір алып.
Еңбегімен күн көрген
Диқан еді бұл анық.
Құралымен қолдағы
Көрсетті өнер ол-дағы.
Ен далаға табанда
Егінді алқап орнады.
Бөлеп белес-белдерді,
Алтын астық тербелді.
Орып лезде, бастырып,
Жинағанын ел көрді.
Қыз да, хан да, халық та
Қайран қалған қалыпта,
Таңырқаса қарады
Тап осындай алыпқа.
Қыз сөйледі:
– Алтыным,
Өнеріңе тәнтімін.
Нағыз ұлы екенсің
Құрмет тұтар халқыңның.
Қарапайым бол мейлі,
Бұл өнерің өлмейді.
Абыройың, атағың
Әр күн сайын өрлейді.
Сенің ерлік еңбегің,
Сенің маңдай терлерің –
Күйші менен бишінің
Құрастырған өрнегін.
Сенің ерлік еңбегің,
Сенің маңдай терлерің –
Суретші мен ақынның
Құрастырған зерлерін.
Қарапайым бол мейлі,
Емші сені емдейді.
Сен табысқа жетсін деп,
Ғалым тыным көрмейді.
Диқан жолы – даңғыл жол,
Диқан қолы – алтын қол.
Сондықтан да бәрінен
Сенің атақ-даңқың зор.
Бағбаны боп жерінің,
Ақтаған ел сенімін.
Жеті жігіт ішінде
Сен боласың серігім.
Қабыл болды тілектер,
Дүрсілдеді жүректер.
Мәңгілікке айқасты
Білек пенен білектер.
Тап осы бір таңдағы
Орындалып арманы,
Ханның қызы көрікті
Жарын солай таңдады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter