Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  287


Автор: Қалижан Бекхожин

ОСВЕНЦИМ ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ

Шошимын
Сұмдық ойран еске түссе,
Селк етем
Елестесе не түсімде, -
Көрдім мен
Күл-көмірін өртелгеннің
Фашистің от қазаны Освенцимде.
Иә, сонда
дозақ оты түтеп берді,
Қуырып тұтқындарды
түнектегі
Азаткер біздің әскер
лап бергенде,
Сытылып қашты сұмырай
жендеттері.
Тұтқынның тірісін де,
өлгенін де,
Күйдіріп сұмдар көмді
күл-көмірге.
 Қарады жауынгерлер жан түршігіп,
Ішінде
тітіреніп
тұрдым мен де.
Зілзала дозақ
жатты бықсып, орны
Будақтап у түтіні
оттай ыстық.
Жазықсыз қуырылған
төрт жүз мың жан,
Зарлы үні естілгендей әлі ыңырсып.
Көрінді қоламтадан
бас сүйектер,
Ырсиып шала күйген
азу тістер.
Белгісіз құрыды ғой
талай міскін
Тажал боп жалмады да
азғын күштер.
Түрлі жұрт адамдары
күл боп жатқан,
Айдалып келген мұнда
түрлі жақтан,
Шалды да,
баланы да,
әйелді де, –
Қастықпен сұмырайлар
отқа жаққан.
Азаппен өлді талай
сұлулар да.
Сезетін сұлулықты
сұмдар бар ма?
 Күл, балшық
арасынан жылтырады
Алтын тіс, алтын жүзік,
сырғалар да..
Аяулы қырылғанның бәрі маған –
Өлтірілді советтік талай адам.
Қарадым жыламсырап,
Өртелді-ау деп,
Хабарсыз кеткен менің
қайран ағам...
Сыртынан қарғыстадық
Менгелені.
Қолы оның отты, қанды,
шеңгел еді.
Дозақтың бас жендеті
осы тажал,
Жауыздығы –
Гитлермен тең келеді.
Қамауға түскендерің
әзірейілі,
Менгеле – аждаһадай
жауыз пейілі,
Жазықсыз міскіндерді
отқа жаққан
Сол малғұн сайрандап жүр қазір, – дейді.
Кәззәптар, сұмырайлар
жан-жақтағы, –
Бәрі де капиталдың жалдаптары.
 Өлді деп бүркеп келді
Менгелені –
Әділетшіл әлемді алдап тағы...
Жеңіспен қырық жылым өтті зулап,
Қырық жыл...
Освенцимде өшті дозақ,
Түсімде әлі шошып оянамын,
Сол сұмдық
есе қалған
зілді қозғап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу