07.04.2022
  165


Автор: Қалижан Бекхожин

МИРАСГҮЛІМ ЖҰЛДЫЗЫМ

І
Үйімнің алдына
Сәріде гүл ектім.
Нәр құйдым балғынға
Лебімен жүректің.
Жарқырап шуақ күн,
Емізді уызын.
Кәусарын бұлақтың
Тамыздым күн ұзын.
Жүзінде нұр сипат,
Желегі елпеңдеп,
Ұлпасын күн сипап,
Собығын жел тербеп.
Түнде төрт ояндым,
Атырдым таңды да, -
Суықтан аяулым,
Салқындап қалды ма?
Шұқи ма сұқтанып
Әлдебір сұр тұмсық?
Шоши ма шық тамып,
Шиқылдап бір шымшық?
 Жайнады райханым,
Жұтамын гүл иісін.
Салауат айтамын
Гүл үшін, күн үшін.
Шарт етпе, найзағай,
Соқпа үрей, дауылдап!
Гүлім жас баладай
Ұйықтасын дамылдап.
Бүрмесін шеңгелдер,
Ілмесін шырмауық,
Желегін тербеп жел,
Көк тұрсын нұр жауып.
Алау бір шалмасын,
Зайдахан, қалғыма.
Шөліркеп қалмасын,
Шәрбет құй балғынға.
Алтын күн жарқырап,
Сәулесін сыйласын,
Жаныма шамшырақ
Өссін гүл – Мирасым.
ІІ
Көктеміңде, жас гүлім,
Желкілде де жайнашы.
Жырым – сенің мәз үнің,
Балапаным, сайрашы.
Ертіп баққа барайын,
Қасымда жүр томпаңдап.
 Мың бір гүлдің арайын
Көрсетемін, ал таңдап.
Сол бақта жүр сайрандап
Сендей ерке көбелек.
Сол бақта жүр жайраңдап
Сендей балғын мың бөбек.
Жайна солай сен бірге,
Сендердікі гүл көктем.
Өзің – мынау өмірге
Райханым мен еккен.
Жұпарымсың дем берген,
Гүл – өрісім сен ғана.
Қартайғанда демеген
Сүйенішім сен ғана.
Сенің сайран бағыңда
Таң-тамаша шырай бар.
Бәрін де көр уағында,
Карусельмен шыр айнал.
Қызық сенің әлемің,
Әткеншекпен самғашы.
Байқамай қап, бөбегім,
Оқыс құлап қалмашы...
Әткеншек қой өмір де,
Айналақтап келем мен.
Өмірімнің өріне
Ектім гүлді өлеңмен.
 Бақыт болды сол маған,
Жырмен шыңнан асқаным.
Кәрілікте толғаған
Сенсің асыл дастаным.
Өмір жазын еңсердім,
Көрдім күзін, қысын да.
Қу теректей теңселдім,
Құс қонбай бір тұсыма.
Сондай сәтте келдің сен,
Айқындалды бұлдырым.
Кезіп өтіп күрсінген,
Аштым көңіл түндігін.
Түні бойы иіскеп,
Назды үніңмен оянам.
Құшақтаймын жүз рет,
Мың-мың мәрте айналам.
Мәз боламын, сен күлсең,
Масайраймын жадырап.
Зәрем кетер сүрінсең,
Жығылмашы сен бірақ.
Жүрегімде сен ғана,
Дәйім алаң боламын.
«Папа» десе бір бала,
Өзің бе деп қаламын.
Қорқам құлап қалар деп,
Тайғақ тастан сырғанап,
 Қорқам тартып алар деп
Сырғаңды бір сұғанақ.
Бақыт деген сол екен,
Күлсе көкте жұлдызың.
Әр күн маған мереке,
Жайнай берші, гүл қызым!
ІІІ
Тұрдым ерте бүгін мен,
Мерейлі жүзім жадырап,
Көшеде шулы дүбірден
Мәз дауыстар жамырап.
Әуеніне бұл үннің
Қосыла шықты өлеңім.
Бақшасына білімнің
Барады бүгін бөбегім.
Туды күткен сәтті күн,
Құшағын жайды гүл-мектеп.
Мирасым – менің шаттығым,
Үйден шықтым жетектеп.
Топ-топ бала масайрап,
Балапандай тізілген,
Бақыттың нұры гүл жайнап
Бәйшешектей жүзінен.
Қала бүгін жаңғырды
Жас өрімнің көркімен.
Мектепке – ерке балғынды
Келем, міне, ертіп мен.
 Көруге тұңғыш мектебін
Келеді қызым құлшынып,
Әліппесін, дәптерін
Қолтығына қыстырып.
«Білімді бол, қызым», – деп,
Күбірлеймін алшаңдап.
Сенімен ғана қызық тек
Маған енді қалған шақ.
Әлпештеп сені өсірдім,
Қуанам, келдің жетіге.
Мектебің ашты есігін
Мұратқа сен жетуге.
Әдепті боп, жүр әсем,
Оқы жақсы, ерінбе.
Ұстазыңды сыйла сен,
Еркелікке берілме.
Әке, бала үндесіп,
Мектепке жеттік нұрланып.
Жан-жақтан келді гулесіп
Мәз бөбектер гүл алып.
Әке мен ана, сүйінші,
Мереке ғой шын мынау.
Уа, алақай, шүйінші,
Қағылды сәт қоңырау!
Кім сүйсінбес көргенде,
Өсірген жас миуасын.
 От ойнап кетті кеудемде,
Мектепке кірді Мирасым!
Жайнай бер, күллі бөбегім,
Мектебің болсын жасыл бақ.
Шашуым – бұл өлеңім,
Мерейім менің – жас ұрпақ!
1982 ж.
IV
Мирасым, шал әкеңмін жетпістегі,
Нәр күткен қу ағаштай күттім сені.
Қайтейін, күрсіндім де, мүсіркедім,
Өзгенің күлімдесе жеткіншегі.
Сен жанған маңдайымда шамшырақсың,
Түнерген құжырамды жарқыраттың.
Дем беріп сәби үнің өлеңіме,
Дарыттың өр жігерін жарқын шақтың.
Өмірде аз ба көрген күйінішім,
Алдандым, өлең-жырға сүйіндім шын.
Мадаққа енді, гүлім, қызықпаймын,
Сен ғана тірліктегі сүйенішім.
Сен туғанда айықты үміт таңым.
Бәйтерекпін, сен – менің гүл бұтағым.
Шаршауды, сырқатты да, ашуды да,
Бір сүйсем маңдайыңнан, ұмытамын.
Сенің өткір жайнаған күн көзіңнен
Қанымдағы қайнаған нұр сезінем.
 Мақтанам – ұқсайсың сен тап өзіме
Шалдуар, ерке тәтті мінезіңмен.
Асты әкең жетпісінші тау қырқасын,
Сен әлі балапандай балғын жассың.
Мұратым – Мирасым сен, өсіп ертең,
Жалғасын өмірімнің жаңғыртасың.
V
Мынау зәулім сарайды
Салтанатпен сән құрған,
Шуақ күнді арайлы
Аясы шат, ән-думан, -
Саған нұрын сыйласын,
Қызығым менің Мирасым,
Бәрін саған қалдырам.
Үніңмен сенің тербелсін
Ну ормандар қалғыған.
Өзегіңе нәр берсін
Көл шырыны – балдырған.
Шолсын деп сонау шың басын,
Қанатым менің Мирасым,
Аспанды саған қалдырам.
Алпыстан асқан шағымда,
Жарқ еттің сен бағыма.
Мәз-мереке дүние
Шуағын жайсын алдыңнан.
Бақытқа бол сен ие,
Өмірді саған қалдырам, –
Жүрегімсің, Мирасым!
Күлкіңнен, тәтті үніңнен,
 Сен жаттаған жырыммен
Өлсем де қайта жаңғырам!
Өзіме соққан сол белгім –
Жырларымда жаным бар.
Өлсем де соғып жүрегім,
Өлеңім де жалындар.
Қауымға сырлас бұл шақта
Жырларымды қалдырам.
Сендей балғын ұрпаққа
Сырларымды қалдырам...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу