Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  161


Автор: Қалижан Бекхожин

АНА ЖЫРЫ

(Сүйіктім Зайдаханға)
Ауыр істі қаншама,
Шыққандай бір орындап,
Таң сыз беріп қалса да
Әке жатыр қорылдап.
Ал, ұйқының әлегін,
Әкеткендей түн сырып,
Отыр ана бөбегін
Кеудесіне қусырып.
Дүние мүлгіп дүбірден,
Аспан айлы, түн тыныш.
Қас қаққан жоқ түнімен
Таппай ана бір тыныс.
Жаны рахат табады,
Жүз көтеріп, мың қарап.
Арқасынан қағады,
Жылай қалса іңгәлап.
«Аспандағы жұлдыздан,
Алқа тағып берейін.
Теңіздегі құндыздан
Қамқа тігіп берейін.
 Күлімдеші бөбегім –
Көтерілсін мерейім...
Әжесінше толғайды,
Нәрестесін аймалап.
Ұйқысыз өң жайнайды,
Терезеден ай қарап».
«Жарқыратып үйімді,
Ай сәулесін төккен бе?
Естіп сәби үніңді
Гуілдейді кептер де,
Жайнасын деп гүл жүзің.
Төкті саған таң нұрын,
Иіді саған уызын,
Алпыс екі тамырым,
Ұйықта, бал бөбегім,
Ақ бесікке бөледім»...
Айналада жел билеп,
Ысырды түн әлемін.
Отыр ана әлдилеп,
Сол сүйкімді бөбегін.
Ал, күн шығып қалса да
Анау жатыр қорылдап.
Ауыр істі қаншама
Шыққандай бір орындап...
1975 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу