Өлеңдер ✍️
МӘРИЯХАН
(Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Жарсу» совхозының озат шопаны, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Мәрияхан Өтебаеваға арналды.)
Адыр көп аңғарынан жел сарнаған,
Алаң аз айналасын қар шалмаған.
Лебінен жалын шалқып ызғын қырда,
Кім екен, ат үстінде алшаңдаған?
Жігіт пе жүйрік мініп шыққан аңға?
Қашты ма әлде киік ықтап алға?
Қарап жүр нені мынау салт атты жан,
Суықта күн де қырдан сырттағанда?
Қарлы ши, қыраулы боз, ызғын дала,
Көресің арқар тұяқ ізді ғана.
Қой айдап шықты шиден Мәрияхан,
Суық жел сүйген жүзі қызылдана.
Көріп ем қарындасты май айында,
Көк майса, қызғалдақтар маңайында, –
Әнменен қой жусатып көк жайсаңға,
Таң болған жігіттердің талайына.
Көріп ем асқар биік Асы таудан,
Көктемде көк нөсері тасып жауған.
Нөпірден жорғалатып қой қозысын,
Мәрияш асқан талай асулардан.
Түсірдім кәзір сол бір күнді есіме,
Үн қостым қарындастың жүлдесіне.
«Жарсудың» саңлағы Марияхан,
Жайраңдап ән шырқаған жыр кешінде.
Енді қыз қаһарлы түс қар алдында,
Сол ызғар келбетіне таралды ма?
Жоқ міне, күлімдеп тұр Мәрияхан,
Елемес ер секілді, боранды да.
Ақыннан жылы жаңа жыр күткелі,
Асығып қозғалады кірпіктері.
Қасқыр да, ақ боран да көңілінен
Жоқ сірә, көктем күйін үркітпеді.
Жайнатып сол көңілін көктем-сынды,
Мәрияш шертті қыстан өткен сырды.
«Қыс тегі қысалаң бір тар кезең ғой,
Нөсерде кешкендейсің өткел суды.
Бірақ та сеніп сонау сарайыма,
Қуанам, боран соқса қараймын да.
Қыш үйде отыр шопан әкем жайнап,
Өткенде қалтыраған талай қырда».
Бұл күнде қойшы сыры қызық аңыз,
Жырлауға құт шопанға қызығамыз.
Сондайдың саңлағы бір Мәрияхан –
Қазақтың өнегелі қызы нағыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter