Ертегілер ✍️
Қасқыр, күшік және мысық
Келе жатты бір Қасқыр
Қыр үстінде жүгіріп.
Аш еді тым бұл Қасқыр,
Кеткен белі бүгіліп.
Не көрінсе көзіне,
Жалмайтұғын ойы бар.
Кетті Күшік кезіге,
Кіп-кішкене бойы бар.
Қасқыр айтты:
Аш едім,
Жеймін сені қазір-ақ.
Күшік айтты:
Жас едім,
Тыңдаңызшы азырақ.
Мен де аш едім,
Тойып бір,
Өліп кетсем – ырзамын.
Қылжаңыңды қойып тұр,
Олай болса, жүр, «жаным».
Қасқыр кетті асып қыр,
Ертіп алып Күшікті.
Ен жайлаудың қашық бір
Тап үстінен түсіпті.
Оңашалау табынға
Тақап барып бөгелді.
Келе жатқан жанында
Күшікке айтты ол енді:
Маған тура қарашы,
Қара тіктеп анық бір.
Көздеріңнің қарасы
Шоқтай болып жанып тұр.
Құлақтарың қамыстай,
Жымқырылған артына.
Аузың ашық қарыстай,
Келіпті зор қалпына.
Ширатылған құйрығың
Тал шыбықтай иіліп.
Тұрсың әбден ширығып,
Көзіңе қан құйылып.
Қасқыр содан атылды,
Дүбірлетіп даланы.
Бара тісін батырды,
Таңдап семіз тананы.
Күшікті де шақырды,
Екі жақтан қоршап ап,
Тойып алды ақыры,
Сол тананы боршалап.
Қампиған соң қарыны,
Қасқыр кете барыпты.
Тана етінің жарымы
Күшікке де қалыпты.
Апта бойы ашықпай,
Күшік жолға түсіпті.
Келе жатқан асықпай
Ұстап апты Мысықты.
Күшік айтты: Аш едім,
Жеймін сені қазір-ақ.
Мысық айтты:
Жас едім,
Сөз тыңдашы азырақ.
Мен де аш едім,
Тойып бір,
Өліп кетсем – ырзамын.
– Қылжаңыңды қойып тұр,
Олай болса, жүр, «жаным».
Күшік кетті асып қыр,
Ертіп алып Мысықты.
Ен жайлаудың қашық бір
Тап үстінен түсіпті.
Оңашалау үйірге
Тақап барып бөгелді.
Келе жатқан бүйірде
Мысыққа айтты ол енді:
Маған тура қарашы,
Қара тіктеп тез, анық.
Көздеріңнің қарасы
Кеткен екен бозарып.
Құлақтарың салпиған,
Алқынасың алақтап.
Аузың аздап аңқиған,
Тілің кеткен салақтап.
Күшік содан жұлқынды,
Өзінше еніп айбынға.
Жайратпақ боп ұмтылды
Азынаған айғырға.
Ақымаққа аяу жоқ
Дүниеде бұл текті.
Қалған кезде таяу кеп,
Күшікті айғыр бір тепті.
Тірлік ету тек жүріп,
Қажет еді қасқаға.
Мақтанамын деп жүріп,
Жем болды өзі басқаға.
Әлін білмес әлек деп,
Осындайды айтамыз.
Барар іске бар ептеп,
Шамаңызды байқаңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter