07.04.2022
  223


Автор: Абдрахман Асылбек

Кіп-кішкентай тышқанның ерліктері

Кіп-кішкентай Тышқан,
Іші әбден пысқан.
Жолға шықты,
Ерлік
Жасамақ бір тұстан.
Шырқап келе жатыр:
«Мен дегенің батыр.
Жеткілікті жігер,
Айла менен ақыл».
Жарқыраған көлді
Жақын келіп көрді.
Жүзіп өту керек
Ерлік жасап енді.
«Танытар ем күшті,
Таңғажайып істі.
Маңайымда бірақ,
Ешкім жоқ-ау тісті», –
Деді-дағы, сызып,
Өтті көлден жүзіп.
«Шортан көрсе, шіркін,
Болар еді қызың.
Құлашымды сермей,
Өте шықтым желдей.
Шортан-дағы сірә,
Жүзе алмас мендей».
Кетті жүріп әрі,
Асқақтайды әні:
«Ерліктерді небір
Жасай алам әлі».
Тұрған көкке тиіп,
Тауды көрді биік.
Ерлік жасап енді,
Өту керек қиып.
«Танытар ем күшті,
Таңғажайып істі.
Маңайымда бірақ,
Ешкім жоқ-ау тісті».
Деді-дағы тасып,
Өтті таудан асып,
«Киік біткен, шіркін,
Қайда кеткен қашып?
Төбе құрлы көрмей,
Өте шықтым желдей.
Киіктер де сірә,
Секіре алмас мендей».
Кетті жүріп әрі,
Асқақтайды әні:
«Ерліктерді небір
Жасай алам әлі».
Қызық деген қайда?
Екі аю сайда
Төбелесіп жатыр,
Жағаласып, әйда!
Таусылып бар ұстам,
Жаңындау бір тұстан:
«Тоқтаңдар, кеп, кәне!» –
Айқай салды тышқан.
«Мен – батырмын сұсты,
Өткір алмас тісті.
Көнбесеңдер сөзге,
Көрсетемін күшті!»
Шын қызынған мұндар,
Емес бірақ тыңдар.
Арпалысып жатыр,
Секілді бір жындар.
Бірін тартып оңға,
Бірін тартып солға,
Екі аюды Тышқан
Ажыратты зорға.
Әрең басып демін,
Сүртіп маңдай терін,
Ырза болып тұрды
Кіп-кішкентай ерің.
«Бір күнге сай,
Дерлік,
Жасадым көп ерлік.
Тәнті болар әжем
Батырлыққа мендік»
Деп, жайғап бар жайтты,
Тышқан інге қайтты.
Ерліктерін түгел
Әжесіне айтты.
Күлді әжесі оған:
«Аңқаусың-ау, балам.
Қақтағы жай су ғой
Көл көрінген саған.
Тау дегенің, күнім,
Шөп түбірі мұның.
Ал, аюлар әлгі –
Шіркей менен шыбын».
Кіп-кішкентай мықты
Қателігін ұқты.
Мақтаншақтың деген
Теріс екен тіпті.
Бөспелікке бейім
Тышқан содан кейін
Айтқан ақыл сөзге
Қойыпты ылғи зейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу