Өлеңдер ✍️
ХАЛҚЫҢА ӨНЕРІҢМЕН ҚАДІРЛІСІҢ
(Ғафу Қайырбековке)
Жас едің тұңғыш сені көргенімде,
Өмірдің шықтың, міне, өр беліне.
Жалынды жырларыңмен
шықты даңқың,
Биікке құлашыңды сермедің де.
Берілмей жеңіл жырдың өрмегіне,
Толқыттың дәуір сырын өр көңілге.
Ақындық адуының тұр дүбірлеп,
Өлеңмен нақыштаған өрнегіңде.
Халқыңа өнеріңмен қадірлісің,
Жырладың тебіреніп дәуір сырын.
Биікте өр дауыспен бұрқанасың,
Қыранның қияғындай қауырсының.
Жарыста алдындасың тұстасыңның,
Жас талап жыршыларға нұсқа сырың.
Ардақты албырт ақын, еркесің сен,
Тап мендей ағалар мен достар үшін.
Қайнардан нөсерлейтін алғыр ақын,
Жырың – нәр
жұрт сусынын қандыратын,
Еліңде Ғафу атты дабысың бар,
Даусыңмен жазықтар да жаңғыратын.
Ғафужан,
жалындай бер жырларыңмен,
Әлі де жайнар алда қырларың кең.
Даңқыңа сендей тұтас бауырымның,
Алдында құшақ жайып,
ырзамын мен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter