Өлеңдер ✍️
СЫРШЫЛ АҚЫН
(Сырбай Мәуленовке)
Поэзия серісі – сырбаз ақын,
Ел-жұртын тамсандырып жыр жазатын.
Өлеңнің өрге шапқан жүйрігісің,
Сүйікті жыр сүйгенге Сырбай атың.
Әлі де жігіттейсің алпысыңда,
Асқақтап шықтың, міне, алты шыңға.
Қырандай ширақ жайып, жыр қанатын.
Сермейсің қиялардың алысына.
Өлеңнің жарқырадың шұғыласында,
Тұрсың сен, жырды шырқап шың-асуда.
Сөзіңмен топты жарған сұңғыласың,
Мейірің кең қалың жұртпен сырласуға.
Қылышқа қаламыңды қайрадың да,
Сүңгідің нөсер жырдың қайнарына.
От кештің Отан үшін, қаһармансың –
Қазір сен поэзия майданында.
Халқыңа сүйікті ғой сыршыл лебің.
Ел сыйлап, қошеметпен дүркіндедің,
Сырбайжан, есіңде ме, жас жырыңды
Алғашқы тыңдағанда сүйсінгенім.
Ұлассын ұшқыр даусың дауыл жырға,
Жыр оты өрши берсін тамырыңда.
Шерте бер замандастың жалын сырын,
Зор өмір медет болсын дарыныңа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter