Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  113


Автор: Қалижан Бекхожин

ЖҮЙКЕҢ НЕГЕ ЖІҢІШКЕРДІ, ҚАДЫРЖАН


«Жүйкем менің жіңішкерді...»
Қадыр Мырзалиев.
Жүйкең неге жіңішкерді, Қадыржан?
Таза еді ғой жырың мұндай сарыннан.
Қажыдың ба әлде, бауырым,
дамылсыз
Дүркіндеген бойындағы дарыннан?
Зәбір-дағы жоқ қой сенің көңіліңде,
Ұшқыр жырың жатық жолмен өрбуде.
 Бұл сапарда
нелер ақын шайқалған,
Өмірінде бір сыналып көрдің бе?
Саған қызық
көктемдей ғой өткен күн,
Жас шағыңнан
мадақты да көп көрдің.
Біз жұқарсақ,
мәні бар ғой, Қадыр-ау
Қатерінен өттік талай өткелдің.
Бізге уақыт
жасымызда зіл артты,
Өрт соғыста
миымыз да зір қақты.
Сұрапылда жасымадық
қалтырап,
Сол дүбірлер
жүйкемізді ширатты.
Нажағайдай
күркіреп сын төбемнен,
Көп нөпірден
есен шықтым әрең мен.
Ерегістер егесе де жанымды,
Мұқалмай-ақ, мұңаймай-ақ келем мен.
Сен албыртсың,
жырларыңда жалын бар.
Кезің емес қиқылжыңға жабырқар.
Туынды көп,
тумаң да бар, өлеңдей,
Мерейлісің
Салтанаттай жарың бар.
 Тұстасыңа ұнар сенің
мәз үнің,
Жарасады ағаларға әзілің.
Қадыржан-ау,
жырларыңда тұйықсың,
Шертпейсің бе махаббаттың наз үнін?
Біздер
Мұрат, Бұқар жырау емеспіз,
Күңіренетін сұр заманда дәйексіз.
Дулы дәуір жыршысымыз, шырқайық
Қуанышқа
жұрт жүрегін бөлеп біз.
Сенің жырың
жазықтарды кезіп жүр,
Дарыныңа
дари берсін ізгі нұр.
Қияң алда
Сол шыңдарға, Қадыржан,
Жас сұңқардай
сермелетін кезің бұл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу