Өлеңдер ✍️
СЫНШЫ ДОСЫМА
(Жазушы – ғалым Серік Қирабаевқа)
Сақтайды абзал ақын
абырой, арын,
Жеткізер өлеңімен өр ойларын.
Сыншы дос,
көрмейсің бе көбік сөзбен
Лепірген кей ақынның даңғойларын.
Шын дарын жыр оқыса таңданасың,
Ағысын өлеңінің аңғарасың.
Мүлгисің әрең шыдап,
даңдақ ақын,
Көпіртсе дырду сөздің даңғазасын.
Көкуге кер ауыздар іркілмейді,
Мен асқан ақынмын деп күмпілдейді,
Жыр етіп жиған-терген деректерін,
Көкектей бір сарынмен күңкілдейді.
Өткінші жауындай сол сіркіреген,
Нәшінде шымырлық жоқ,
сылбыр өлең
Ұнай ма өрендерге,
шертілмесе
Ер жігіт, елеулі қыз –
сыры терең.
Дарын көп
өнеге бар өнерінде,
Өзінше өрнегі бар өлеңінде.
Тілдескен замандаспен, жас ұрпақпен
Дәуірдің адымдап бір кең өріне.
Ұнатам жастардың мен лирикасын,
Лебімен сүйсіндірген жыр сырласын.
Назды жыр, отты өлең жалын атсын,
Сергітіп сайран шақтың сыршыл жасын.
Сыншысың беделдіге бас имейтін,
Әділсің асыл жырды қастерлейтін.
Ризамын, ұнап саған дастандарым,
Ақынға сездіріпсің достық пейлін.
Ел сыры –
дастандарым жұрт сақтаған
Абзалдар азаттықты аңсап туған
Махаббат арулары –
Мәриям, Әппақ,
Теңселткен ханды күймен –
«Ақсақ құлан».
Ексімдеп дастанымда достық сарын,
Жырладым еркін жұрттың тоғысқанын.
Далама революция туын тіккен
Лениннің ардақтадым комиссарын.
Поэма – жыр айдыны
арнасы кең,
Үндескен ақын шалқып сан ғасырмен.
Әйгілі ақындардың даңқы – дастан,
Халықты тебіренткен асқақ сырмен.
Берілдім солардың мен тағдырына,
Толқыдым асылдардың тағылымына.
Сыншы дос,
теңей көрме дастанымды
Даңдақтар жазып жүрген даң-дұң жырға.
Күншілдер мақтанды дер дастаныма,
Бұл – назым сыр ғып айтқан достарыма.
Арқалап шығам өлең кітабымды
Жетпістің асып шыңды асқарына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter