Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  190


Автор: Қалижан Бекхожин

ӨНЕРПАЗ ДОСЫМА

(Қазақ ССР халық әртісі Камал Қармысовқа)
Отызыншы жылдардың өреніміз,
Сол шақта қанат қақтық өнерге біз.
 Онда біз албырт едік, тез ұмтылдық,
Жүйріктер көтерілген өрлерге біз.
Әзілің, жарқын жүзің, шымыр денең,
Көргенде достарыңды сүйсіндірген.
Құбылып шықтың бір күн сахнаға,
Таңқалдым, өзгерді деп қай сиқырмен?
Дездемона! Тұншықты-ау сұлу жаны,
(Жоғал тез, махаббаттың сұғанағы!)
Отелло –аңғырт Шәкен, соқпайсың ба –
Камалды – әзәзілді, сұм Ягоны...
Тыңдаймыз сөзін оның күндіз балқып,
Қу дерсің сахнаға шықса шалқып.
Қодарды, Қарабайды шатастырып,
Бұл Камал бола қалды көлгір Жантық.
Бұл игі дарындардың замандасы
Жайнады сахнада думан жасы.
Айлакер Хлестаков – Камал сайрап
Масқара күлкі болды дуанбасы.
Жігіт пе осы досым – сырбаз сырлы?
Неліктен бейнелейді залым сұмды?
Жиында Мұхтар аға мадақтады –
«Бұл Камал, өнерпаз деп» – сегіз қырлы.
Түсіндім – дарын екен қилы жанды,
Сандалтқан нелер сұмды, сиқырларды.
Нұрланды ізгі Камал – Ербол болып,
Жарасып Абайдың да сырын алды.
 Биік қой сенің өнер шаңырағың,
Сайрады мұнда талай сайын дарын,
Қалибек, Серке, Қапан, Шәкен, Шолпан,
Үні есті Хадиша мен Сәбираның.
Солармен астың бірге өнер өрін,
Сәулетің сахнада кемел сенің.
Жаңғыртты театрдың төрін қазір,
Ыдырыс, Асанәлі – өрендерің.
Жұртың мәз, қарық болып шындықтарға, –
Актерлік сипатыңнан сыр ұққанда.
Сергіп мен ақ мұртымды қоям сипап,
Сахнаға әсем аттап сен шыққанда.
Әлі де жайраңдайды жігіт түсің,
Халқыңа қадірлісің, сүйіктісің.
Дәуірле, досым Камал, дулы леппен,
Сауықшыл, салтанатшыл жұртың үшін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу