Өлеңдер ✍️
ӘЛЖЕКЕҢЕ
(Ә.Әбішевтың 80 жасқа толуына арналды)
Сермелдік жасымыздан
шалқып құзға,
Өнеге іздеу біздің салтымызда, –
Сәкен мен Сәбит, Мұхтар –
бізге ғибрат,
Жол бастап жүрді біздің алдымызда.
Онда біз комсомолмыз жайраңдаған.
Әулекі жас болмадық тайраңдаған.
Сермедік соны уақыт қырларына,
Тік ұстап жас қаламды қайралмаған.
Сен жырлап «Достық пенен махаббатты»,
Сырынан «Жас түлектер» рахат тапты.
Дабылдап өзің өткен үңгірлерден,
Артында дүбірледі «Завал» шахты.
Үйінде, шайын ішіп Қауияның,
Шерттік біз әңгімесін әр қияның.
Сырластар – Тайыр, Дихан, Қасым, Ғабдол –
Қосылып шырқадық біз Мәди әнін.
Қас болдық сол достықты сезбегенге,
Түйілдік ынтымаққа төзбегенге.
Қосылған шартараптан дос топ едік,
Әсілі, біз жіктелдік пе «жүз» дегенге?!
Ағасыз інілері ер жете ме?
Албырттық ақын жастан тез кете ме?
Кейде бір кейіп қалған кезімізде,
Шағым қып айттық соны Әлжекеңе.
Бұл күнде халқыңа сен сұңғыласың,
Сермейсің соны жаққа сөз құлашын.
Сөзіңмен жер астының кенін барлап,
Қашадың бұрғы сөзбен құздың тасын.
Білемін, көп толғанып беймазасың,
Тағдырын тұстасыңның ойланасың.
Сол шерткен мұратыңды оқығанда, –
Тұңғиық топастарға ой саласың.
Ырқымен дүбірлейді уақыт нәші,
Басыңды қилы оймен қатырмашы.
Жебелеп жастар жүр ғой соңымызда.
Солардың тың үндерін мақұлдашы.
Бұл күнде сүйіктің ғой Ырымбала,
(Сабазым өзге әйелдерге қырындама)
Көтер сен еркелігін, наз-тілегін,
Жаныңа сақтап ләззат сырын ғана.
Өмірде кездің талай өрлер белін,
Сыр шертті шығармаңда көргендерің.
Әйгілі еңбегіңнің айғағы боп,
Жайнайды кеудеңдегі ордендерің.
Сексеннің тұрсың, міне, асқарында,
Жұрт ырза бұл биікті басқаныңа.
Әлжеке!
Өрле әлі шың-құздарға,
Айбын боп достарыңа, жастарыңа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter