Өлеңдер ✍️
ТЫҢДАДЫ АМЕРИКА ҚАЗАҚ ДАУСЫН
Америка Құрама Штаттарына сапарға барып, халқымыздың тамаша өнерін американ жұртшылығына таңырқатып қайтқан Республикамыздың бір топ өнерпаздарына, әйгілі әншілеріміз Ермек Серкебаевқа, Бибігүл Төлегеноваға арнаймын.
Сүйінші!
Әншіл жұртым, мәз боларсың.
Тербеліп, күйшіл далам қозғаларсың.
Білмейтін затымызды, атымызды,
Тыңдады Америка қазақ даусын,
Мұхиттың бөгет болмай толқындары,
Қазақтың екпіндеді еркін әні.
Бұл әнді,
әсілі, бір түйінбеген.
Тілі жат,
талғамы жат ел тыңдады.
Сал жігіт,
шапан, бөркі әсемделген,
Сылаң қыз, бұрымдарын сәнмен өрген,
Таң қауым бұл ғажапқа, дуылдады
Келгендей перизаттар Юпитерден.
Бұл ел ғой,
жұрты қилы, ала шұбар,
Ақ содыр,
жаны шерлі қарасы бар.
Халқымның әндеткенде еркелері,
Ысқырса бір сұмырай,
қалай шыдар?
Ала жұрт арасында сергек топ бар,
Советтік салтанатты солар жақтар.
Сүйсініп ду қол соқты,
Көрінгенде
сәнімен жұртымыздың саңлақтары.
Сол бір сәт,
ән қанатын қалды сермеп.
Даусымен шыңды шалған сұңқар Ермек.
Гулі зал тына қойды,
әп-сәтте сол,
Ексімдеп сел жаңбырдай,
ән нөсерлеп.
Өрен үн, тілі жаттың салған әні,
Жаңғыртып кең сарайды, жаңғырады.
Ермекпен – келді бірге осы залға
Арқаның Ақаны мен сал Біржаны.
Бұрқанып асқақ үні, шалқып ақты,
Япырау,
сөзден, сірә, ән қуатты.
Саңқылдап сабаз әнші
қасқиғанда,
Қолдарын риза қауым соғып жатты.
Жарқ етті сахнада ән еркесі.
Жалтылдап шоқ үкісі, сәукелесі.
Халқымның сандуғашы сайрағанда,
Мәз болып,
масайрады сәулет кеші.
Сылдырап алтын сырға, ақ алқасы,
Ағылды бал көмейден
«Гауһартасы».
Өзі де гауһар сынды,
қалқатайдың –
Қазақтың абзал қызы, өнерпазы.
Шырындай тамылжытты бұлбұл үнін,
Лебі – наз, үні – кәусар
Бибігүлім.
Кіді жұрт, таңсық қауым мүлгіп тыңдап,
Қазақтың сырбаз жанын білді бүгін.
Мынау ән жан билеген қандай тәтті.
Қыр қызы назбен төкті махаббатты.
Жиынның сергектері әнге балқып,
Теңселіп негр жасы мұңға батты.
Ынтасы қос әншіге ауған халық,
Серпіліп гуілдеді
қайран қалып.
Ермекті – Карузо! – деп шыққан жаңа,
Мистер гүл ұсынды
Жайраң қағып.
– Бұлбұл ғой ғашық сырмен саңқылдаған!
– Жұлдыз ғой
61
Азиядан жарқылдаған! –
– Ғажайып әнші қыз! – деп
Бибігүлді,
Мадақтап кетті жиын ән тыңдаған.
Сарайды қыз-жігіттің үні жарып,
Жасады зор қалаға әнмен жорық.
Тыңдады қазақ даусын Вашингтон,
Детройт, Сан-Франциско, Нью-Йорк.
Жат әнге таңырқады джентльмендер,
Кеудесін «ұсақ жұрт» деп
көтергендер.
Танарсың естеріңнен,
паң мырзалар,
Республикам сәулетін көрсең сендер.
Танытып даламыздың шымыр үнін,
Аштыңдар үлбіреген шырын гүлін.
Өнерін халқымыздың перделеген
Аштыңдар Америка шымылдығын.
Мың алғыс,
өнерлі жас өрендерге,
Тартуым, шашу жырым бұл сендерге.
Көтеріп еліміздің достық даусын,
Үндерің өрши берсін
өрден өрге!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter