Өлеңдер ✍️
СҰЛТАНМАХМҰТҚА
Жалғыз мола, жол үсті,
Жолаушы өтер көз салып.
Өте беріп ой түсті,
Тұра қалдым томсарып.
Қурай басқан қу қабір,
Жел ескендей дүбірлеп,
Күңіренгендей сонда бір,
Өлген адам күбірлеп,
Келдім жетіп басына,
Ызыңдайды қу ағаш.
Тіл қатпайды мелшиіп
Басындағы меңіреу тас.
Үндемейді томсарып
Ақынға ана болған тау.
Сырласып жүрген ақынның
Өлгені ме, япырым-ау?!
Түсті есіме сол күні
Шерлі ақынның өлгені.
Есіркеп Арқа сорлыны,
Жаспен жанын көмгені.
Жүрегімді өртеді
Қайғы-ызасы аралас.
Қабіріңе домалап
Ағып кетті көзден жас.
Түнгі боздақ жұлдыздай
Жарқ етті де, ол сөнді.
Азалы болған Арқаны
Жыры кезіп жөнелді.
Па, десейші, сол жырдың
Үнін дала алыпты.
Ескен желі ой-қырдың
Еске сақтап қалыпты.
Естілді маған сол күні
Шаттық үні Арқаның.
Қуаныштың құйыны
Алып жатыр алқабын.
Арқадан ескен сол жырдың
Ішінде сенің жүрегің.
Жүрегің сенің менікі –
Жүрегім деп жүремін.
1939 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter