Өлеңдер ✍️

  07.04.2022
  304


Автор: Қалижан Бекхожин

АТЫҢДЫ МЕН ЕСТІДІМ

(Бауыржан Момышұлына)
Атыңды мен естідім
Окоптардан,
Ормандардан,
Оқ жосып бұтақталған,
Жауынгердің аузынан
Москва үшін,
Атой беріп, айбынды атақты алған.
Атыңды мен естідім
Дүр атылған,
 Зеңбіректің аузынан, сұрапылдан,
Бұйрығынан мұз мұртты генералдың, –
Түсің түтеп шыққанда сен лапылдан!
Атыңды мен естідім
Өрт ішінен,
Жалын шалған,
Шоқ шалған
Өр түсіңнен,
Қан жосадан,
Қаһарлы аңыз тарап,
Дауысыңнан,
Майдангер ер түсінген.
Атыңды мен естідім
Құзды шыңнан,
Жеңісті айтып, жүйткіген жыл құсынан.
Шопандардан,
отарын тауда баққан,
Қиқулаған шығанда жылқышыдан.
Атыңды мен естідім
Шырқап таңнан,
Бұлбұл қонып, жайқалған бұтақтардан
Өлеңінен өзімдей ақындардың,
Өзіңдей шебер жазған кітаптардан.
Сол атың алыстарға таныс бүгін,
Халықпен,
Заманамен тоғысты үнің.
Құрметтейді әрқашан тұрғыласың,
Ардагер Отан ұлын,
МОМЫШҰЛЫН.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу