Өлеңдер ✍️
ҚОЛ БАСТАҒАН БАТЫРҒА
(Бауыржан Момышұлына)
Жүректе оты жанған жігіт едің,
Атаның алып қалған үміт-кегін.
Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға,
Қазақтың қайсар ноян жігіттерін.
Еріндей ертегінің қайта туған,
Ашуың атқан толқын айбатыңнан.
Кегінен қалың қазақ қайнап жігер,
Тасыған қайратыңмен жауға атылған.
Қаһарман қар бораған қабағыңнан,
Қанқор жау қалтыраған қамалынан.
Тапталған дүлей неміс табаныңа,
Тәйірі, қазақ қой деп таба қылған.
Бастаған қалың қолың тасқын еді,
Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі.
Қазақтың мұздыбалақ қыранындай,
Сен едің гвардия бас түлегі.
Қас батыр жігіттерің қасындағы,
Қалың жау қаптағанда басынғалы,
Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған,
Қарсы ұшқан қардай борап ашулары.
Жеңіске жорығыңды жолдау үшін,
Жайпаған жаудың талай жолдағысын.
Жалындай аспанға ұшқан атағымен,
Мәліктей жойқын күшті жолбарысың.
Жасағың жау сұмдарын аңша қырған,
Асырды атағыңды қанша қырдан,
Алғыс пен атақ алдың мәртебелі,
Бас батыр ұлы Сталин маршалыңнан.
Ерлерін елі сүйген артық туған,
Әлпештеп белгі таққан алтын тудан.
Мен сүйдім елдің ұлы ер екен деп,
Кешегі Кенекеме тартып туған.
Есіңе ал, Кенекемді кешегі өткен,
Кеудесін кек пен оққа төсеп өткен.
Айбаты от екпінді Арқадағы,
Даланың дауылындай есе кеткен.
Талқандап талай жауды тасырлаған,
Өзінен аруағын асырмаған.
Қанды жау қаптаса да қамауға алып,
Кенекем жеңілмеген, бас ұрмаған.
Сенің де сондай болсын ер атағың,
Кенеңдей сүйген ұлы бол атаның.
Мақтансын туған елің дабысыңа,
Қорғаған батырым деп ұлы Отанын.
Жарқылдап жау үстінде қаруларың,
Көтерсін қазекеңнің аруағын.
Білсін жау бір ел барын қазақ деген,
Ашынса, көрсетпейтін жауына күн!
Бастай бер жасағыңды алдан-алға,
Дауылды тоқтататын қамал бар ма?
Сондай-ақ азаттықты алып жөнел,
Туысқан тұтқындағы адамдарға!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter