Қарызға батқан кісінің оқитын дұғасы
Әбу Уаил (р.а.) әңгімелейді:
«Бірде хазірет Алиге басын азат етіп алса да, бұрынғы иесіне әлі де қарызын түгел төлеп бітпеген бір құл келіп:
– Қарызымды төлей алатын түрім жоқ. Маған жәрдем ет, – деді. Али (р.а.):
– Саған Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған үйреткен бір дұғасын үйретейін. Егер осы дұғаны оқысаң, қарызың таудай болса да, Алла саған жәрдем етеді. Былайша дұға ет: Аллам! Мені аз да болса адал және мүбаһ нәрселерге қанағат етушілерден қыл. Арам нәрсені ойыма да келтіре көрме. Маған байлық бер, өзіңнен басқа ешкімге мұқтаж қыла көрме»
Әбу Саид әл-Худридің айтуы бойынша: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні мешітке кірді. Ансардан Әбу Үмәма атты бір кісінің отырғанын көріп:
– Ей, Әбу Үмәма! Намаз уақытынан басқа уақытта мұнда көрмеуші едім сені. Не істеп жүрсің? – деді
Пайғамбарымыз. Әбу Үмәма:
– Аздап қиналып жүрмін, ей, Алланың елшісі! Оның үстіне, қарыздарым да бар дегендей, – деп мұңайды.
Пайғамбарымыз:
– Қиындықтардан алып шығатын және қарыздарыңнан құтылуға септігі тиер бір сөз үйретейін бе? – деп сұрады.
– Үйретші, Алла расулы!– деді Әбу Үмәма қуанып кетіп.
Пайғамбарымыз:
– Таңертең және кешке мына дұғаны оқы:
«Аллам! Қиыншылық пен қайғы-қасіреттен өзіңе си ынамын. Шарасыздық пен жалқаулықтан бір өзіңе сиынамын. Сараңдық пен қорқақтықтан Саған сиынамын. Қарызға белшемнен батудан және қарыз берушілердің есігімді торуылдауынан да өзіңе сиынамын!». Әбу Үмәма осы дұғаны оқығалы, Алланың қалауымен қиыншылықтар артта қалып, қарызынан түгелдей құтылғанын айтады»
материал «Сахабалар салған сара жол» кітабынан алынды, ummet.kz
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter