Өлеңдер ✍️

  05.04.2022
  454


Автор: Абдрахман Асылбек

Директор туралы деректер

Бірінші дерек
Басшыларға жағынып жүріп,
Барын беріп, жалынып жүріп,
Бәкең білдей директор болды,
Директор емес, ерек пір болды.
Бірден қатаң әмірін жүргізді,
Жақсы орындарға тамырын кіргізді.
Ағайындарын қасына алды,
Көп кешікпей машина алды.
Үй салғызды астында гаражы бар,
Айнала ат шаптырым қорасы бар.

Екінші дерек
Бәкең басбухты таңдап алды,
Өлмес жерін қамдап алды.
Қайда барса, тастамай ертіп жүрді,
Ішіп-жеп, қызара-бөртіп жүрді.
Басбух балаша шауып жүрді,
Бастықтың көңілін тауып жүрді.
Кіріс-шығысты жауып жүрді,
Совхозды сарқа сауып жүрді.

Үшінші дерек
Бастық болған соң базынасы болмақ,
Базынасы болса – қазынасы болмақ.
Курортқа қарай аттанып кетеді,
Сақадай сайланып, баптанып кетеді.
Бағыныштылар бір жалақыдан кем бермейді,
Кем бергенді басекең жөн көрмейді.
Дұрыстап алған соң «жолкірені»,
Бәкең қызыққа мол кіреді.
Келіншектерге атанып «мырза жігіт»,
Жібереді талайын ырза қылып.
Одан қала берді карта ойнайды,
Картаны, әрине, қалта ойнайды.
Осылайша курортта ол марқайып жатады,
Ауылда шаруа шалқайып жатады.
Оған Бәкеңнің несі кетеді? –
Кетсе, елдің есі кетеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу