Өлеңдер ✍️
Менің әкем кім?
Кеткен бала көшеге
Долданып жылап келді.
Жалғыз жебеу шешеге:
Әкем кім? – деп сұрақ берді.
Бала сөзі тік шығып,
Қалды анасы тіксініп:
– Шырағым,
Оны неге сұрадың?
Баласы айтты:
– Анашым,
Болсаң жалғыз жанашыр,
Сұрамай не етемін?
Асықтан ұтып едім,
Біреуін мытып едім.
Барлық бала жекіре,
Салық қылды бетіме
Әкемнің жоқ екенін.
Анасы айтты:
– Сен, балам,
Оның бәрі оңбаған,
Сені текке қорлаған,
Әкең, тіпті болмаған.
Баласы айтты:
– Анау ше?
Үйге жиі келетін,
Ыржалақтай беретін
Талпақ танау ше?
– Ол бір жебір өңеш қой,
Сенің әкең емес қой.
Тура жолдан бұрылған,
Арам іске ұрынған,
Соның үшін ұрылған...
– Онда ше, әлгі мес қарын,
Үріп қойған торсықтай.
Алшаң аяқ басқаны
Талтаңдаған борсықтай?
– Құсханада істейтін
Қуыс кеуде жарым ес.
Көк тиынға түспейтін,
Нағыз сараң сары мес.
Болмаса тек анда-санда қонғаны,
Әкең емес ол-дағы.
– Білмейтұғын ұятты
Онда анау ұзын ше?
Светофор сияқты
Мұрны шиқан қызыл ше?
– Ой, балам-ай, ой, жалған,
Бұл да теріс бір іс қой.
Ондай әке болғаннан,
Болмағаны дұрыс қой.
Бұдан әрі үндеме,
Нағыз әкең түрмеде.
– Онда, анау ше, келе сап,
Жабысатын желімдей?
Көптен бері, не ғажап,
Кеткені не көрінбей?
– Ондай адам аз еді
Мен ұнатқан еркектен.
Ол бір қыршын жас еді,
Бұл өмірден ерте өткен.
Оны құртқан арақ қой,
Бұл-дағы бір сабақ қой.
Қалғаны тек елес қой,
Ол да әкең емес қой...
Баласы шын қорланды,
Долданды:
– Тумай, мүмкін, анадан,
Шықтым тауықханадан?!
Жұбатпақ боп баласын,
Былай деді анасы:
– Рас, әкең болмаған,
Болғанымен, шамасы,
Аян емес ол маған.
Анам десең, сыйла да,
Бұдан әрі қинама.
Айтар болсам дұрысын,
Өз халқыңның ұлысың,
Жалған әке құрысын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter