Өлеңдер ✍️

  05.04.2022
  240


Автор: Абдрахман Асылбек

Желікпенің желдірмесі

Мен Желікпе, Желікпе,
Желікпені ел көріп пе?
Желіп келем әлі күн
Мінезіммен елікпе.
Көз саламын алдымен
Көзді тартқан көрікке.
Көрікті қыз кез болса,
Кете берем еріп те.
Қаратқанша өзіме,
Қойман сірә ерікке.
Қолыма бір түскен соң,
Жарамайды ол серікке.
Мен Желікпе дарамын,
Қойынымда арағым.
Ішіп алсам, қыздарға
Келіп тұрар қарағым.
Иіскеуге ынтықпын
Исі жұпар тамағын.
Күлкісімен тартады
Қыздар деген қарағың.
Керегі жоқ баланың,
Керегі жоқ ананың.
Ұмытамын бәрін де,
Қыздың көрсем қабағын.
Өз үйіңнен безесің,
Өзге ауланы кезесің.
Өзек талып ішесің
Өзгелердің көжесін.
Тінткілейсің телміріп,
Көрінгеннің көзесін.
Бейшара боп, басқаның
Мазағына төзесің.
Бір жартылық жұтқанда-ақ,
Тайып кетер тез есің.
Бір тықырдың таянып
Қалғандығын сезесің.
Бойыңда жоқ қаруың,
Қойында жоқ аруың.
Кімнің алыс-жақынын
Қиын болар тануың.
Аяқталар ақыры
Әр бұтаны шалуың.
Әр сұлуға сұқтанып,
Телміре көз салуың.
Қайғы-шерді жуасың,
Ішіп өмір зәр-уын.
Тіршілікте осы ғой
Тірі өлік боп қалуың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу