Өлеңдер ✍️

  04.04.2022
  99


Автор: Абдрахман Асылбек

Операция

Қиналып біреу жатыр өлейін деп,
Жарықты соңғы рет көрейін деп.
Жанында жалбарынып жақыны тұр,
Дәрігер не сұраса, берейін деп.
Біліп тұр дәрігер де жан болмасын,
Жанашыр жақынының жан далбасын.
Сонда да сол ауруды сойып тастап,
Толтырып алды ақшаға жанқалтасын.
Екінші біреу жатыр тексеріліп,
Кеселі қорыққанға қос көрініп.
Оташы: «Операция керек», – деді,
Аурудың аңқаулығы ескеріліп.
Пышаққа ақырында ол да түсті,
Қымбатқа, арзан емес, молға түсті.
Оташы ақшасын ап, о дүниеге
Жіберді аттандырып ол байқұсты.
Оташы тез арада байып кетті,
Кім оның бұл тірлігін айып депті?
Алайда, алаяқтар аңдып жүріп,
Бауыздап, ақшасын ап, тайып кетті.
Мінеки, ақша табу жолы осындай,
Арыңды сатып жүріп боласың бай.
Бір күні сен де өлікке айналарсың,
Бақсының жалғыз қалған моласындай.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу