Өлеңдер ✍️
Қазақ космонавт
Көп жылдан бері
Қазақстан жері
Басы байланған
Космодромға айналған.
Әрине, оған мақтандық:
Қонақтарды күтіп алу,
Шығарып салу
Секілді жұмыстарды зейінмен,
Қазаққа тән пейілмен
Қалтқысыз атқардық.
Ұшып жатыр орыс та, поляк та,
Монғол, француз, араб та...
Кезек келмей-ақ қойды қазаққа,
Осынысы азап та.
Ақыры қабыл болып тілегіміз,
Жақсы хабарды естідік.
Жарыла жаздап жүрегіміз,
Қуандық ес шығып,
Күпіндік төсті ұрып:
«Қазақ жігіті ұшады екен,
Көкті құшады екен.
Қазір ол күн-түні,
Бұла күшпен бұлқынып,
Бапкердің айтқанына тақ тұрып,
Жатыр дейді жаттығып.
Амандық болса жақында
Халық көкке қарайды.
Қазақ ғарышкері қақында
ТАСС хабары тарайды»...
Содан ай күттік, жыл күттік,
Тағы екі-үш жылды жылжыттық.
Бірақ, құр күттік..
Қабақтар түсіп кетті –
Қазақ ұшпады.
Оның орнына ұшып кетті
Мынандай өсектің пұшпағы:
Қазақ жігіті таңдалып,
Жан-жақты қамданып,
Ұшатыны рас болған.
Алайда, тегінле,
Ол жөнінде
Жазылған шағымдар,
(Сөзіме наныңдар),
Құлаш-құлаш болған.
Жай түскендей төбеден,
Сонда не деген?
«Ғарышқа дайындалған жігіті
Басшының бауыры, үйсін екен.
Басқа жүздің жоқ па үміті?
Мұнысы қисық екен!».
Осындай былықтардан,
Күншілдік қылықтардан
Тізімнен шығып қалған.
Сөйтіп, қазақ ұшпаған.
Қанға сіңген әдет боп,
Арыз жазып әлек боп,
Өсіп бара жатса да,
Көшіп бара жатса да,
Бірін-бірі етектен тартып ұстаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter