04.04.2022
  182


Автор: Абдрахман Асылбек

Мақтаншақ

Әні: Ибрагим Нүсіпбаевтікі

Жеке:
Мақтаншақ деп, балалар,
Текке мазақ етпеңдер.
Өнерімді санап ал,
Көрмей оны кетпеңдер.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Бос мақтанбай сен енді,
Бар, үйіңе қайта бер.
Болсаң егер өнерлі,
Біз тыңдайық, айта бер.
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Суда жүзіп балықтай,
Толқынында ойнаймын.
Кешке дейін жалықпай,
Тереңіне бойлаймын.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Сүңгимін деп анада,
Су түбіне батқан кім?
Есін білмей жағада
Есеңгіреп жатқан кім?
Ой, ой, млқтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Ауыздықпен алысып,
Мінем асау тайға да.
Зымыранмен жарысып,
Жетіп барам айға да.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Құлағансың аттан да,
Достым, бекер мақтандың.
Сен жығылып жатқанда,
Қызығыңа батқан кім?
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Баласымын малшының,
Қозыны да баққанмын.
Атышулы аңшымын,
Қасқырды да атқанмын.
Ой, ой, балалалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Қара мұның пысығын,
Тек ойынды баққан кім?
Қасқыр деп өз күшігін
Абайламай атқан кім?
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Оқуға да талапты,
Баға жетпес баламын.
Бір қарасам сабақты,
Кілең «бестік» аламын.
Ой, ой, балалар,
Кім менімен барабар?
Хор:
Сабағыңа келгенде,
Бағаңды да білеміз.
Ұяламыз көргенде,
Күнделігің кілең «үш».
Ой, ой, мақтаншақ,
Айқайлама аттан сап.
Жеке:
Жақсы айттыңдар, достарым,
Салыныппын мақтанға.
Далақтаумен босқа құр,
Түсіппін-ау қақпанға.
Ой, ой, балалар,
Болмаңыздар табалар.
Хор:
Досың қателескенде,
Мазақ етіп күлмеңдер.
Осылайша өзгең де
Бос мақтанып жүрмеңдер.
Ой, ой, балалар,
«Бестік» болсын бағалар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу