Өлеңдер ✍️

  03.04.2022
  98


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

МЫНАУ ОЙДЫҢ ТӘТТІСІ-АЙ, ҚАНАР МА АДАМ…

Мынау ойдың тәттісі-ай, қанар ма адам,
тым тәттілік таңдайды ояр болар.
Үміт деген әдемі көбелек қой,
қай жеріңе гүл өссе – соған қонар.
Мынау, ойдың ащысы-ай,
болар,
болар!
Тым ащылық... қайтесің, обал болар.
Күдік деген Сауысқан,
ал сауысқан
қай жеріңде жара бар – соған қонар.
Жан әсерін жүрдің-ау күтіп ықтап,
жараң ашып,
гүл тоңып жыпылықтап;
бір жағыңнан көзді арбап көбелегің,
сауысқаның бір жақтан шықылықтап.
1967 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу