Өлеңдер ✍️
ТАУ БАУРАЙЫНДА
Жасыл-жасыл жағалай жал,
жағалай жал, саған айтам!
Жылан қабық шұбар шыңдар,
Сендер де тас шығарсыңдар?
Содан да даңқ-атақ үшін
құр шіреніп жатамысың?
Шұбар шыңдар!
Жағалай тал,
жағалай тал, саған айтам!
Шұбар шыңның балағына
шұбар тасты ала құлап,
бұрқыраған бала-бұлақ,
Саған айтам, Саған айтам:
Мұнша екпінді қайдан алдың,
қайдан алдың – ойға қалдым.
Көк толқынның төсін көрдім:
түтінденген,
секілді ол бір
жұлынған шаш кәрі бастан –
әрі өкініш, әрі дастан...
Тауды бір күш жатты тіреп,
сай күңіренді, тас тітіреп.
Тас табаны терең өткел,
бір сиқырлық – кереметпен,
буырқана тепті бұлақ
қара еменді қалтыратып...
Қара тасты қар тұратын
толқын ұрып барады айдап,
Ақ қайың тұр қара байлап.
Жағалай тал, жағалай жар,
қалды бұғып қарағайлар,
Қайтара алмай бетін бәрі –
ала бұлақ секірді әрі.
Аспан ғана жатқан үнсіз
бұл дүниенің мақтанысыз.
Ауық-ауық бұлтын іркіп,
қояды тек бүркіп-бүркіп.
Тамшыны, аспан, қайдан алдың,
қайдан алдың – ойға қалдым.
Әлде удай мас сайтан жылап –
Көз жасын сен пайдаландың?!
Жағалай жал, жағалай тал,
жасыл әлем, саған айтам.
Қайсар бұлттар, қар жалаған,
бір жауыныңды арна маған!
Бала гүлдей құлшынайын,
Құлшынайын, бір шығайын.
Деп ем – дүние тыңдамайды,
Жылап аққан жылғадай бір
ылай-сазды былғалаймын,
Шың басына бір қараймын,
бұлт астынан сығалаймын
күмбезіме салынбаған,
қамалыма алынбаған.
Табаным – сыз, төбемде күн,
алып қашып көбең-көңіл
біресе сәл жоғарылап,
біресе сәл төмендедім.
Ойға қарап өлең құрып,
Өрге қарап келем жүріп...
1960, 1982
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter