Өлеңдер ✍️

  03.04.2022
  122


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

СЕНЕН АРТЫҚ БАҚ СҰРАП…

Сенен артық бақ сұрап
отырғам жоқ,
бір түрлі –
сенің кезің жақсырақ
болатұғын сықылды.
Литфондыға жұрт бірден,
танылмайтын сықылды.
Қатал бастық күттірмей
қабылдайтын сықылды.
Үкімге емес,
адам бір
назға құлар сықылды.
Бүгінгіден жаман жыр
аз жазылар сықылды.
Бүгінгіден екі әлем
жақын тұрар сықылды.
Бір ас-үйде екі әйел
тату тұрар сықылды.
Пысық жары тас түлек,
күйеуіне
бір түрлі,
ақшаны аз таптың деп
кінә артпайтын сықылды.
Бәрі көрген көзінен
тойым тартар сықылды.
Өтірікшінің сөзі де
қою тартар сықылды.
Сенің күнің өрлейді,
күндеуге де болады-ау...
осыншаны көрмеуім
маған тіпті обал-ау.
1969




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу