Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
02.04.2022
156
ҚАЙТАЛАП ЖАЗ, ҚАЙТА ТУ…
Қайталап жаз, қайта ту,
туған болсаң асығып,
бір сөзім бар айтатын
сыншылардан жасырып.
Еккен болсаң тегінде
жыр егінді жаңадан,
сабақ керек егінге,
керегірек дән одан.
Шабыты бар дегенге
сөзден сөзді асырып,
төгілем деп өлеңде
қалып жүрсің шашылып.
Бақбақ сын-ды келеді
аз қуаныш, аз қайғы:
жел үп етсе
өлеңің
ұшып кете жаздайды.
Ұқпайсың-ау, келесі
жолды жазсам жазғырып:
ақын еткен сені осы
ұятыңның аздығы.
Жалтыр сөзге талпынба,
ой мен шындық одағы,
Бір көргенге алтыннан
жез жалтырлау болады.
Сөздерімді семіз ғып
қойсам дейсің, сенер жұрт.
Толқытатын теңізді
дауыл да емес тереңдік.
Буырқану — не теңің,
асып-тасып, иланшы:
тасып қайда кетеді
тас табаққа құйған су?!
1969, 1982
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter