Өлеңдер ✍️

  02.04.2022
  112


Автор: Абдрахман Асылбек

Көзжұмбай

Төсекте керіліп жатты,
Ұйқыға беріліп жатты.
Ең арысы, сағатқа қарау үшін,
Көзін ашуға да ерініп жатты.
Қыз алған үй –
Қолдары ұзарған үй.
Қызға жақын саналатын
Ағайын-жамағатын
Үйлену тойына шақырды,
Әрине, мұнысы мақұл-ды.
Құдалар есіп келді,
Бір ауыл көшіп келді.
Не істесек те,
Не ішпесек те,
Көнесіңдер десіп келді.
Қыз алған жақ та күйлі екен,
Көрсетіп ерекше сый бөтен,
Құдаларын құрмет тұтып жатыр,
Құрақ ұшып, құдайдай күтіп жатыр.
Асаба жігіт түсіндіріп жатыр,
Қуақы сөзбен ұшындырып жатыр:
Құдай қосқан құдамыз,
Көңілдеріңізден шығамыз,
Шеттріңізден «жығамыз»,
Шыдағанша шыдаңыз.
Өйткені, құдалар құлағанша,
Құдағилар жылағанша
Ішпесе, іштері кебеді,
Ішсе, күштеріне енеді...
Құдалар да қарап қалмады,
Ішілмеген арақ қалмады.
Әсіресе үш жігіт
Секілді екен үш құдық:
– Кәне, алайық, – деп, –
Көзжұмбайға салайық, – деп,
Көздерін жұмып, сіміре берді,
Арақты судай сіңіре берді.
Түсте келесі үйге кірді,
Кәдімгідей қызу күйде кірді.
Құдаларды кім іркеді?
Бұл үйде де біраз сілтеді.
Үшінші үйге де бұрылды,
Көзжұмбайға басып бұрынғы,
Үш жігіт тағы сімірді.
Бірақ, бұл үйде олардың
Көздері шындап жұмылды,
Отырған орындарында жығылды.
* * *
Үш жігіт солай «ерледі»,
Тойдың қалай өткенін көрмеді.
Естерін үш күннен соң жиып қайтты,
Бірақ, киттерін киіп қайтты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу