Өлеңдер ✍️

  01.04.2022
  194


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

САЛАҚТЫҚ БАР САҚТЫҚТАН ДА КҮШТІРЕК…

Салақтық бар сақтықтан да күштірек:
бір салақтың қалтасынан түсті ме,
тері-шилан жолда жатты,
қыдырған
үш жас жігіт келе қалды үстіне.
Бірі көріп – өз көзіне тұр нанбай,
екіншісі – тас төбеден ұрғандай.
Үшіншісі шошып кейін шегінді,
шыңыраудың жиегінде тұрғандай.
Тапқан ақша шығар-ау бұл қасықтап,
әлде, мүмкін... қой, қой оған асықпа,
«Сен ал!» – деді.
Мүмкін бұ да күш еді?
«Сен ал! – деді екіншісі – ішелік» –
«Сен ал!» деді үшіншісі қайқайып,
«Сен ал!»,
«Сен ал!»,
«Сен ал!» – деді үшеуі.
Бірақ ешкім бас салмады демігіп,
кетті бәрі, кетті кейін шегініп.
Үрейленді алдарында ақша емес,
жатқан сын-ды әлдекімнің өлігі.
Бәлкім олар сескенді ме мынадан:
көрді ме деп төртінші боп бір адам.
Сондықтан да көше оңаша болмады?
Жо-жоқ, үйтіп бата алмаспын «күнәға».
Тапсырса ғой милицияға:
бір ұнап
қалар еді, жасамады мұны да;
бұрылды да кетті үшеуі.
Қалды өсіп
ақша толы әмианның құны да...
Тыңда, жолдас!.
Сол үшеуі қаймыққан
жолдағыны жан емес қой пайда ұққан.
Аштығынан емес шығар – қызықса,
ақша жатса – болмас мүмкін байлықтан?!
1967, 1982




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу