Өлеңдер ✍️
ТОҒАЙ АРАСЫНДАҒЫ ЖОЛДА
Ат – шабан, аяғы оның ептеп басқан
Көзіңді, көңіліңді шектеп тастар.
Қызыл гүл қалтырайды, дәл жаныңда
жатады шімірікпей көк бет-тастар.
Кетеді жас бұтадан ыршып кептер;
Итініп шабан атпен бір шық деп пе ең –
ну ағаш жібермейді желді де алдан,
шығады самайыңнан бүршіктеп тер.
Тізеңді көмсе кейде жасыл шалғын,
пысқырып бөрте дөнен басын шалды.
Сығалап қарт қайыңның қолтығынан
қояды жалт-жұлт қарап ашушаң күн.
Жолдың бар қиындығын үмітке артып,
емес қой ойлану да жігітке артық.
Шапақтап екі жақтан ерке-бұта
қалады қалпағыңды іліп-тартып.
Алады аш маса мен ара беттен,
ізіңді шөп бүркейді жаңағы өткен.
Тым сирек тиед жерге ат тұяғы,
бейне бір жалқау шапқан қара кетпен.
Ақ жіп-жол – барар жері қиыр шеттей,
жіп қайтсін ұзындықтың күйін шертпей.
Сол жіптің ең ұшында бір жолаушы
секілді титтей қара түйіншектей....
1965
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter