Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  181


Автор: Абдрахман Асылбек

Үйленіңдер, жігіттер!

(«Жар-жар» әнінің ізімен)

«Осы өмірге лайық отты жағып,
Келеді, әне, екі жас топты жарып.
Кәрісі мен ауылдың жасы мұнда,
Жас келінді көруге асығуда».
Шынында да жас келін періште екен,
Көзді тартқан келбеті келісті екен.
Қара қасы қияқтай қиылып тұр,
Көрген адам көркіне сүйініп тұр.
Ай қабақты, ақша бет, әппақ маңдай,
Ақ тамағы ағарып атқан таңдай.
Қыпша белі шыбықтай бұралып тұр,
Түсетіндей киноға сұранып тұр.
Бәрі сұлу келіннің келерінде,
Аман болсақ, көрерміз өнерін де.
Берекесіз жасамай жүріс артық,
Бір ісінен болса екен бір ісі артық.
Ата-енесін аялап бақса болды,
Қос-қосынан баланы тапса болды,
Ел-жұртына осылай жақса болды –
Күйеуіне дей бергін «патша» болды.
Келсе-дағы отызға, әлі бойдақ,
Ана жігіт неғып жүр салып ойнақ?
Жалғыз жүру жігітке жараса ма?
Әлде қыздар сыртынан таласа ма?
Отызың да орнында тұрып қалмас,
Келіп қалар артынша қырық жалғас.
Ол кезде оған үйлену оңай болмас,
Күле қарар балалы талай жолдас.
Ана жігіт айрылған қатынынан,
Қатыны емес, шынында ақылынан.
Көрсін дей ме керемет өнерімді?
Ажырасып, әйтпесе, не көрінді?
Үйленіңдер, жігіттер, жайланыңдар,
Темірқазық некеге байланыңдар.
Ақылы мол әкеге айналыңдар,
Депутат боп Сенатқа сайланыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу