Өлеңдер ✍️
Азатпын мен...
Азатпын мен...
Байқашы, өзгешемін,
өзгешелеу ойым да, сөз де, сенім.
Әйтсе де әлі кеудемде бір күдік бар,
ауық-ауық сонымен кездесемін.
Сескенердей көңіл де көше неден?
Не көрмекпіз тағдырдан, пешенеден?
Еркіндігім – жас сәби...
Тәй-тәй басқан,
ойлап соны кеудемнен көшеді өлең...
Ой – ну орман,
Батамын мұңға бөтен,
жырларыма жүректі құндақ етем.
Жасырмаймын, алаңмын, күдіктімін,
«Дайын ба, – деп, – мынау ел сынға бекем?!»
Мида күрес жүруде жүректерде,
шайқалуда шаңырақ-тірек төрде.
Көзде – жалын, көңілде – бір алапат,
ұйтқып-ұйтқып тұрғандай бір от-перде.
Бұлдырайды болашақ көк аралы.
Дауыл тұрса...
Белгісіз не болары?
Сақта, Пірім!..
Әйтеуір анық білем:
көп нәрсенің сұраусыз жоғалары.
Сол үшін де Аспаннан, Күн, Айдан да
күрсінгенде сұраймын, мұңайғанда:
Сол сағатты соқтыра көрмесін, деп,
адамнан да сұраймын, құдайдан да.
Асу – қиын, әрине... Жол – шұбалаң...
Еркін жел боп кеудеме енші, ғалам.
Періден де, сұраймын періштеден
Азаттығым аяулы болсын аман!
тамыз, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter