Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  341


Автор: Нұрлан Оразалин

МӘҢГІЛІК ЗАҢЫ

Күйіп-жанғанның
басы да соңы біз емес,
киік-жалғанның
қанатын ешкім күземес,
өртену, өту – өмірдің мәңгі мұраты,
өмірдің заңын
ешқашан ешкім түземес.
Түземек болып,
Талпынып талай алысқан, алысқан-дағы
ала алмай бәрі – шабысқан,
тәж бенен таққа
алтын мен баққа таласып,
жан кетіп тәннен,
бас кетіп тіл мен жақ ұшқан.
Біреуге тірлік
ән менен өлең, арман боп,
күю мен сүю арқылы
жалғанды ғұмыр, көкіректерде жалғанды от.
Өмірден өтті:
Жылмаяқ, жылпос, ептілер,
жүрегі түкті батырлар небір, беттілер,
қала тұрғызып,
ғимарат салған байлар мен
қолбасылар да,
данышпандар да, тектілер.
Көсемдер де өткен,
шешендер небір – елге сын,
қиын шақтарда, қиналмай тартқан ел көшін,
 
Ескендір...
Шыңғыс...
Темірлер өткен жалған бұл
шірене тартып заманалардың делбесін.
Шырқырап туып,
шыңғырып кеткен бәрі де,
боздақтар небір,
жасамыс, жас та, кәрі де,
періште де өткен,
пері де өткен фәни бұл,
тамыры жатқан Адам атадан әрі де.
Зұлымдық, зорлық,
адалдық, қорлық, шындығың
Нұқ заманында-ақ
көтерген қатар түндігін.
Өзгермей әлі келеді жерде сол тәртіп,
«Жалған» деп жүріп,
жалғаған адам кіндігін...
Күйіп-жанғанның
басы да соңы біз емес,
киік-жалғанның
қанатын ешкім күземес,
өртену, ешу – өмірдің мәңгі мұраты,
Мәңгілік заңын
ешқашан
ешкім түземес...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу