Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.03.2022
153
ҚОЗДАҒЫ ҚЫЗЫЛ ШОҚТАЙЫН...
Жылдар өтеді...
Жылымға кеткен су сынды,
жаным от еді,
ойларым бүгін – ну сынды...
Қара ормандайын
отына түлік тимеген,
бала армандайын
басында бағы билеген
балауса көздің
бозарып жасын төккені,
алауса кездің
белгісіз қайда кеткені?!
Қараймын-дағы
қабаржып іштен тынамын
санаймын-дағы
жылдарымды үнсіз, сынамын...
Жерорта деген
жас емес оңай тәрізді,
орман ойларым–
жиған-тергенім бар ізгі.
Кеудем – ән-ағын,
көкірек толы – сөз-қайғым,
шекті қағамын,
қараспан мұңды қозғаймын.
Қозғаймын-дағы
қып-қызыл шоқтай қоздаймын,
күрсініп бірде,
қуанып бірде,
боздаймын...
Қарап отырсам, жылдарым өткен:
Өз әнім екен,
Өз мұңым екен,
Өз қайғым!..
наурыз, 1993 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter