Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  178


Автор: Нұрлан Оразалин

Арман қудық....

Арман қудық. Алыстық. Болды бекер.
Беріл!
Тоқта!
Бауырым, қолды көтер.
Жалғандығын жалғанның сездік кештеу,
адамдардың ішіне толды мекер...
Бір-біріне сенбейтін болып алды,
бимәлім күш заманды қолына алды.
«Сабыр түбі – сары алтын» не берерін?
Ел көңілін есер мұң, желік алды.
Қайыршы да, көбейді ұры-қары,
қайда жолдың белгісіз бұрылары?..
Ақындардың көзінде – азап-қайғы,
азаюда қазақтың жыр ұғары.
Көңіл талды көндігу, күрсінуден,
сезім талды түңілу, түршігуден,
ақ жейдесі арманның тоз-тоз болды,
қайта-қайта жуылып, кір шығумен.
Тозды қайғы...
Тозды шер...
Тозды көйлек...
жамап-жалғап жылдар да озды ғой көп.
Уәде мен үмітке күпті болған
халық қолын сілтейді «сөзді қой» деп.
Көріп соны кеудеде – маза бөтен,
сеніп тұрып сенбеуің азап екен.
Арман-мұңым:
Алданған ұрпағымды
қалай адам етемін, қазақ етем?!
тамыз, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу