Өлеңдер ✍️
ӨЗІМЕ-ӨЗІМ ЖАТ БОЛЫП БАРАМ...
(ой ырғақтары)
Бірінші ырғақ
***
Кімнен көрем?
Білмеймін. Кінәлі кім?
Ой түбіне жете алмай шын арыдым,
Махаббат та, достық та, тірлігің де
болып бара жатқандай мұнар ұғым.
Артық сөзім жоқ еді жанға тірі.
Адалдығым – жанартау...
Жанды ақыры...
Азаматтың біразы ез боп шықты,
бүгінгінің деп жүрген хан, батыры.
Біреу үшін болды ақша, табыс – қайғы,
біреу үшін болды арман, ағыс – қайғы.
Шындық деген қашаннан шідерлі тай,
көгендеулі көңілге шабыс – қайғы...
Біреуді – орман,
біреуді құм арбайды,
біреуді күй, біреуді мұң арбайды.
Қою тұман – тірлігің – қараңғы тау,
кеміреді кеудені мұнар-қайғы...
Тұман кешу – тар қия... Көпке мәлім.
Қалай жүрем?
Қай тұсты бетке аламын?
Алдым – шың ба, ұйық па?
Соқпаса екен
Алпыс екі тамырда текке қаным?
Қалай?
Қайтіп бұл жүрек жатты аялар?
Адастым деп арманын аттай алар?
Кімге барам?
Кім маған күш береді
Махаббатын әлемнің сақтай алар?..
наурыз, 1991 жыл
***
Көрдім үнсіз көздерден ел көмейін,
қалды өзекте айтылмай келген ойым...
Ой-санамда «әулие» болған кісі,
қас-қағымда құбылды пендедейін.
Өзеуреді, өзгерді дауысы, Алла-ай!..
Әрекеті сөзімен қауыша алмай.
Пайғамбардың жасынан асқан кісі
Арын...
Барын...
Тартты алға тауысардай.
Өткен жылдар өзге бір сияқты үміт,
жүруші едік сізді біз мият қылып.
Абыройдың шыңынан аунадыңыз,
аунағаның болды, аға, ұят қылық.
Ұят болды!..
Апыр-ай, бүгінгі ісің,
Ой сүрінді. Намыстан жығылды ішім.
Әлдекімнің алдында «құладыңыз»,
жалағанға мәз болып «жұғындысын».
Жүректерден қозғалды қаптай ағын...
Сана салқын... Көрінді – жат баяғың.
Бір қауым жұрт ту еткен жан едіңіз,
Жұртты...
Сізді...
Өзімді...
Қатты аядым!
шілде, 1991 жыл.
***
Әділдік жоқ. Әділдігің – шартты ұғым,
күннен-күнге салмағы ауыр тартты, інім.
Дос-дұшпанды қиын болды айыру,
аярлықтан таяқ жеді мәрттігің.
Көремісің...Өртке түсті көп күнің,
өртпен бірге талай дүлдүл кетті, інім.
Ұстаз да жоқ, шәкірт те жоқ.
Тексіздер
алып жатыр жағасынан тектінің.
«Адалмын!» деп өзеуреме, жанба аса,
болды бәрі құрғақ қиял, далбаса.
«Кешегі дос – бүгін дұшпан»... Япыр-ай,
сатқындықтан болды жүрек қан жоса.
Қалай жұмам жақ пенен тіл, көзімді?
Қатал тағдыр талқандауда төзімді.
«Ежелгі жау ел болмақшы...»
Әй, қайдам?
Бетпақ заман тілгіледі сезімді.
Әділдік жоқ. Әділ адам лақпайды.
Қасиетті қарасөзден бақ тайды.
Екі көзің шұқып жердей бір-бірін...
(Құдай қайтіп құл-пендесін сақтайды?)
Құралайдың салқыны
349
Ақыл-ойдың шайқалуда дарағы,
Сақтай алсақ, жарар еді...
Жарады!
Үміт...
Күдік...
Көкіректе – көк дауыл.
Долы Ғасыр қайда әкетіп барады?!
наурыз, 1992 жыл.
***
Кеше басқа едім. Бүгін – басқамын.
Қарашы!
Кеудемде – басқа мұң.
Күрсініп, күбірлеп, шатынап,
құбылып тұр бүгін аспаным.
Кеше көкте едім. Бүгін – жердемін.
Кернейді кеудені кермек үн.
Тәңірім кешірсін!..
Кеше «құдай» ем...
Ал бүгін! Жұмыр бас пендемін.
Кеше көлде едім. Бүгін – шөлдемін.
Таға алман мысқылдай елге мін...
Кеше кезіп ем билікті көк сеңгір.
Ал бүгін?
Етекте көлбедім.
Кеше шаттандым. Бүгін жыладым.
Құлаттым тауымның бұлағын.
Ашу-ызадан жүрек тұншықты,
ойлардан тас бітті құлағым.
Кеше алмас ем... Бүгін – сынықпын.
Сүреңсіз кеудеде – тымық түн.
Көңіл хабаршы...
Сезем әйтеуір,
Іште бір жатқанын «бүліктің»...
Күресу қай кезде ерге – сын,
Күлдірсін, жылатсын, тергесін.
Тағдырым! Сұраймын осынау
«Бүлігім» тұншыға көрмесін.
Күрес күйлері көгімді тербесін!
ақпан, 1991 жыл.
Екінші ырғақ
***
Өртеніп бойда от болып далам,
қуарып ойым белестей,
өзіме-өзім жат болып барам,
жер басып жүрген елестей.
Жандаймын бейне ел ішіндегі
жаны бар, бірақ жоқ әлі,
күзгі құстаймын көл ішіндегі
(соны ойлап жүрек тоңады)...
Балапандайын ұша алмай қалған
жылы жақтарға кезінде;
арман-ойынан күш алмай жалған,
қыстығып тынған сезімге.
Ұқсап кеткенде...
Ширықты да ішім,
ұйығына баттым кешкі ойдың.
Қалай түзеймін бұйрықтың ісін,
өзіме-өзім не істеймін?!
Кебін кигендей боламын кейде
дауылда қалған кеменің...
Дал-дұл боп тұрмын жыртылып жейде,
кім үшін азап шегемін?!
Өртеніп көзде от болып ғалам,
қуарам неге белестей?!
Неліктен осы жат болып барам
өзіме-өзім елестей?!
ақпан, 1992 жыл.
***
Аспанға сенем –
жұлдызды көкке түу алыс,
Тәңір дегенім сол шығар?!
Көңілге медет – жұбаныш,
ғарыш дегенім...
Құдайлар жүрер жол шығар?!
Далама сенем...
Айға да сенем, Күнге де –
сәуле мен нұрға түу алыс.
Замана жаңа – мінбеде,
Адамзатымның
аман тұрғаны – қуаныш.
Тауларға сенем –
бұлттардың арғы жағына;
пайғамбарлардың елі деп,
ғасырдың келер бағына
тіршілік болып
жалғанар үміт желі деп.
Көліме сенем,
ұлыма сенем – ертеңге
жаңғыртар көк пен көктемді,
сенемін жасыл өртеңге
жалғайтын керім
келешегім менен өткенді.
Еліме сенем,
Аруаққа сенем – арыма
қиналған тұста жебейтін.
Сенемін РУХ-тың барына!
Қондыра көрме кеудеме кесір, өгей түн...
ақпан, 1992 жыл.
***
Өзгерем күнде, өзгерем айда,
өзгерем жазда, ақпанда,
наурызда түлеп, өзгерем майда
түскенше ажал-қақпанға.
Өзгерем кеште, өзгерем таңда,
өзегімді өртеп үн бөтен,
өмірде мынау өзекті жанға
өзгеру, өсу мін бе екен?!
Кеше бала едім. Бүгін балам бар,
тіршілік қамы – көп айым.
Өзгерістермен түнім алаңдар,
мазасыз, шулы тоғайым.
Кеше жас едім. Бүгін – жасамыс,
самайды көмді ақ күміс.
Сабыр!
Сабыр ст!
Қайда қашамыз?
Тулама жүрек, жат тыныш!
Тулай да тулай бүлінді жүзің,
Қарлығаш құсым, тулама!
Үзеді бір күн гүліңді күзің,
қоштасып Өмір – шулы Ана...
Өзгерем жылда, ғасыр... заманда...
Өртеңдегі өскен теректей.
Елің мен Жерің, басың аманда
өзгеру, өсу керек қой.
ақпан, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter