Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  126


Автор: Нұрлан Оразалин

Қолым – қысқа...

Қолым – қысқа...
Сөзім де ылғи жетпейді.
Мұқалған ба? Алмасым да өтпейді.
Алматының көк аспанын күрсінтіп,
ашынам да, ермек етем текке ойды.
Көре-көре саясатшыл «ойынды»,
қалың қауым сөзден жеріп, тойынды;
ел «тойғанмен», мен қоя алар емеспін,
ой оғынан кеудем шұрық... Ойылды...
Ойым – мұңым...
Ойым – қайғым...
Қарашы!
Жүрегімде – замананың жарасы;
мансап пенен байлық қуған туыстың
салқын тартып бара жатыр арасы.
Ән де бөлек,
заң да бөлек – басқа сын.
Тіледі үнсіз тағдыр жырдың таспасын.
Тірлік – базар... Баса-көктеп келеді,
саудагердің ұшындырып ақшасын.
Көңілдерді арбап есер құйын үн,
кедей сорлы санар соңғы тиынын;
өмір мына елестейді көзіме,
ескі үйдегі өрмегіндей бүйінің...
Ашу...
Нала...
Бойға зәрін төккендей,
көрінбейді киікмінез көктемгі ой.
Жанар біткен суалғандай – қараңғы,
жұрт пейілін дауыл жалап кеткендей.
Жолым – қысқа...
Тамырындай сүйріктің,
күйіндемін шідерлі бір жүйріктің.
Заманымен үйлеспей тұр адамы,
кім біледі не берерін бұйрықтың?!
наурыз, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу