Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  139


Автор: Нұрлан Оразалин

Жаны жайсаң...

Жаны жайсаң, көкірегі – ән-ғалам
жан секілді ең...
Тез өзгердің. Таң қалам?!
Айыпты кім?
Айту қиын анықтап,
жаһан кезем,
жауап іздеп, сандалам.
Сезінбейсің.
Сені тастап кеткен бе ой?
Көрмейсің түк. Көз-көңілің кепкендей.
Тым құрыса, бір бұрылып қарашы,
жалт етіп бір жадыратар көктемдей.
Жо-жоқ! Анық... Сен түкті де сезбедің.
Айтты бәрін ойсыз, мұңсыз көз-көгің.
Бара жаттың баршылыққа мас болып,
бодауыңда тірлік атты «жезденің».
Менде – күдік.
сенде – дәуір сұрақсыз.
Менде – қайғы.
Сенде – көңіл құлақсыз.
Естімейсің. Естігің де келмейді.
Менде – жаңбыр.
Сенде – қу шөл, бұлақсыз.
Суық сезім, суық ойдан тоңды ішім,
кеудеме кеп мұз жастанған қонды шың...
Сахарада сезіне алмай аптапты,
сары аязға сақылдаған толды ішім.
Өзегім – өрт...
Кімді, қалай сөгейін?
Заман шығар құбылмалы. Не дейін?!
Өкініштен жараланды жүрегім,
ой-санамды алды билеп өгей үн.
қыркүйек, 1992 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу